ТЫНЫШТЫҚ КҮЗЕТШІСІ

әдейі теріс айналып. Стол астынан Әкімбектің басы қылтиды. «Кетті ме?» — деді ол әлі де үрейленіп. —Жандарың қалды, шыға беріңдер, — деді Ардақ зекіп. Стол астынан, далаға қашып шыққан актив мүшелері қайта жиналып, бірі орындыққа, орындық жетпегені тура еденге жайғаса бастады. — Не істейтін болдық? — деді Әкімбек аспаннан түскендей Ормантайға аңтарыла қарап. — Нені? — Жиналысты дағы? Жалғастырамыз ба? — Жиналыс өз жұмысын аяқтағалы қашан! — деді Ардақ түк болмағандай баяғы ашық та кәрлі дауыспен. — Ал Демесінді қайтеміз? — Оны Демесіннің өзінен сұраңдар, — деп езу тартты Ардақ. — Ал қазір мақта пунктке тезек апару үшін колхоздың отынханасына қарай, менің соңымнан, шагомммарш! Бәрі топырлап кеңседен шыға жөнелді. Бұл бір адам түсініп болмайтын таңғажайып кезең еді. — Салпылдап босқа жүре бермей ән айтыңдар, — деді Ардақ. — Жеңіс туралы, көсем туралы жігерлі ән болсын. Қане, Кәкімбек, баста! Бір, екі, үш! Көкімбек қарлыққан дөрекі дауыспен ән бастады. Сол заманның әні. Бейбітшілік туралы ән. …Сталин қайда болса, Сталин қайда болса — Жеңіс сонда, Жеңіс сонда, Жеңіс сонда-а-а! Кәкімбектің даусы хорға ұласып, бұйығы, жамау киім, жадау адамдардың жігерін тасыта түскен секілді. Олар бір мезгіл қиындықты да, жоқшылық пен қайғыны да ұмытқан. Шын ұмытқан. Хор үні ақ қар жамылған даланы түгел шарлап кеткендей. Түтіні қисық будақтаған ауылдың жатаған үйлері де ән рухына құлақ түріп, үнсіз тұр. Алыста, Демесіннің ақ қардан ақ тозаң будақтатқан бейбітшілік шанасы зулап барады. Әне, ол бері қарай құйғытып келеді. Шана Ардақтар тобына тым тақау жерден өтті. Топ алдында кетіп бара жатқан Ардақты Демесін бірден танып, тізгін тежеді. Оларға бұдан гөрі жақындай түсуге батылы жетпеді ме, сол орнында қимылдамай ұзақ кідіріп қалды. Ардақ тобындағы Шәмсия оны бірінші байқады. — Ойбай, Демесін бізге қарап тұр! — деді ол үрейленіп. — Қараса қайтеді! Топ ішінен жалғыз сені жау алар деймісің. Әнді бұзбай тыныш жүр! — деді Ардақ оған ұрыса сөйлеп. Олар Демесіннің тұсынан өте берді. Демесіннің тұсынан өтіп бара жатқанда үрейлі топтың даусы бұрынғыдан да зорая шыққан тәрізді. Демесін оларды парад қабылдаған маршалдай қасқайып тұрып қарсы алып, қасқайып тұрып шығарып салды. Ол топқа емес, Ардаққа қарап тұр еді. Ол Ардақты жақсы көретін. Демесін олар ұзап кеткенше Ардақтың жүріс-тұрысы мен әрбір қимылына дейін, көз алмай, тапжылмай бағып тұрды да қойды. Оның бет-әлпеті мен жанары да мейірленіп, өзі де түсінбейтін ерекше бір жылылыққа, дөрекілікпен астасқан әрі нәзік, әрі тұрпайы сезімге тұнып тұр еді. Демесіннің өздерінің соңынан тапжылмай қарап тұрғаны әйелдердің зәресін алып, олар колхоздың отынханасына қалай жетіп қалғанын да байқамай қалды. Бар дүниенің көмірін

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39