осында әкеп жақсаң да, жылымайтын ызғары мен түтіні аралас мақта пунктінде қатын-қалаш пен бала-шаға сабылып жұмыс істеп жатыр. Олардың бірі даладан арқалап көсек тасып, енді бірі мақта аршып, қалғандары аршылған мақтаны қанарға сап, бір бұрышқа жинап жүр. Ошақ басында, бір әйел дымқыл тезекті жаға алмай пешті үргілеп, көзінен аққан ащы жасын сүртіп қояды. — Әдіре қалғыр, осы колхоздың тезегі қысы-жазы бір кеппейді, — деді Мәнсия шырпынып. — Әй, Шәмсия, шырпыңды бере тұршы. Сіріңкенің тапшылығы сондай, ол кезде сіріңкесі бар үй мың қой айдаған қазақтай тоқ еді. — Шырпыны бекер құрта берме. Жанбаса жаға алмаған өзіңнен көр. Кеше мен жаққанда бықсымай-ақ лаулап кетіп еді ғой, — деп Шәмсия да қарап тұрмай оны сөзбен шағып алып еді, Мәнсия шоқ басқандай ыршып түсті. — Лауласа үстіне керосин құйған шығарсың! — Керосинді отқа құймақ түгілі шамға таба алмай отырған жоқпыз ба? От жаға алмасаң, кісіге тиіспей отыр. Әйтпесе, бұл колхоздың сиырлары әдейілеп тұрып саған келгенде су тезек, маған келгенде қу тезек тастайды деп пе едің? Мәнсия сөзден тосылып қалды, бірақ жеңілгенін мойындағысы келмей, қиямпұрыс көлденең әңгіме бастап кетті. — Әй, сен бар ғой, сен… Ауыз өзімдікі екен деп, не болса соны көки берме, білдің бе? Біраз күнәңді білемін, байқа. — Ойбай-ау, мына қатын не деп тұр-ей! Ал айт, айт қане. Мен сонда қарап қалармын. О несі-ай, түге, өзі нақ бір етегіне намаз оқып жүрген адамдай… — Не-ме-не? Әй, сен менің қылмысымды қашан көріп едің, ә? Қай жерде ұстап алып едің мені? — Өкініштісі сол ұстай алмағаным болып жүр. — Ал мен сені ұстап алғамын!.. — Қашан? Қашан, қай жерде ұстап алып едің мені ә? Айт қане! — Өткен жұмада. «Демесін делқұлы болса да, үйге бір еркек кіріп келер ме еді» деп армандағаның қайда? — О-о, алжыған неме! Сол ма бар білгенің? — Сол. Е, немене, сол аз боп тұр ма? Мен кеткен соң не істегеніңді бір құдай білсін. — Өй, өсекшіл шайпауыз. — Өзің өсекшіл… Екі әйелдің бұдан кейінгі сөзін ұғып болу мүмкін емес еді. Кімнің ақ, кімнің қара екенін ешқандай әділқазы ажыратып бере алмайтын кәдімгі қатын ұрыс басталды да кетті. Қанар көтеріп Ардақ кіргенде ғана екеуі сәл сабаларына түсейін деді. — Әй, қатындар, тоқтатыңдар шайтан базарды! Бұл не ұрыс? — деді Ардақ көсек толы қанарын жерге тастай салып. Екі әйел оның дауысын естіп, жым бола қалды. Ардақ олардың қасына келді де: — Қайраттарың тасып бара жатыр екен, ертең үйлеріңнен бір-бір қап қу тезек әкелесіңдер, — деді бұйырып. — Жұмыс кезінде ұрысып, жұрттың берекесін
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39