алғандарың үшін! Орнына колхоз отынханасынан екі-үш қап су тезек аласыңдар. Екі әйел ұрысқандарын ұмытып, аңырып қалды. — Ойбай-ау, үйде бала-шағамызды немен жылытамыз? — Онда менің шаруам жоқ! Су тезекті кептіріп аларсыңдар. — Ал үйде от жанбаса су тезек қалай кебеді? — Білмеймін. Маған десеңдер қойындарыңа алып жатыңдар! — Астапыралла! Мынау қатын басымен қырып барады, еркек болса не істер еді, ә? — деді Шәмсия ашудың алдын күлкімен орап. Оның сөзін іліп әкеткен Мәнсия: — Еркек болса… Әй, не істесе де осының еркек болғаны-ақ жақсы еді, — деп еді, әлгінде ғана ұрысып тұрған екі әйел түк болмағандай қарқылдап, жарыса күлді. Олардың күлкісін естіп, өзгелер де үймелей бастаған шақта, қасында екі-үш кісі бар Ормантай кіріп келді. — Жолдастар, біздің арамызға ауданнан өкіл келді. Түгел жиналыңдар, — деді ол. — Бүгін ол кісі бәрімізді құттықтағалы келіп отыр. — Құттықтағалы? Немен? Мүмкін жеңіс күнімен шығар? — Осыдан бір ай бұрын ғана келіп еді ғой, — деп Мәнсия да сөзге қыстырыла кетті. — Сабыр, сабыр, жолдастар! Қазір өкіл жолдастың өзіне сөз берейік. Қане, балалар, столды ортаға қойып жіберіңдер. Ормантайды көріп, қуанып кеткен Перизат оған жүгіріп кеп: — Ормантай көке, менің апамнан хабар бар ма? — деп сұрап үлгерді. — Ім… ім… әлі жоқ… Алыс отардан бір хабар шыққан көрінеді. Жол ашылған соң алып келерміз… — деп Ормантай тайғақтай сөйлеп еді, бала көңіл соның өзіне қуанып, алақайлап қол шапалақтады. Тосын оқиғаға әрқашан жаны құмар балалар тоңып тұрғандарын да ұмытып, Әкімбек шал қолдан жасаған тақтай столды ортаға қойды. Басына сең-сең бөрік, үстіне қаракөл жағалы пальто киген өкіл маңыздана басып столға жақындады. Ол Ардақ жаққа жиі қарап, үнсіз амандасып, үнсіз тілдескен болды. Ардақ қысылып, төмен қарады. Аупарткомда нұсқаушы боп істейтін Сейітжаппар Ардақты қыз кезінен ұнататын еді. Бірақ Ардақ оның бұл ниетіне ешқандай жылы қабақ танытпаған-ды. Бұл кезде Ардақ Арыстың ар жағында тұратын Асқар деген полевод жігітпен тіл табысып, енді екеуінің әке-шешелерінің бір-бірімен жүздесуін ғана күтіп жүрген жайы бар еді. Сейітжаппар қыз тарапынан бұл хабарды естігенде төбесіне сүңгі түскендей мәңгіріп қалды. Өзінің қызға салған қармағы ылғи да құр шығып, өзінше тауып айттым деген анайы әзілдері оны бері қаратудың орнына әрі қарата беруін алғашында ол қыз біткеннің қылымсуына балап жүрген-ді. Оның үстіне, аудандағы аупарткомның нұсқаушысы тұрғанда Ардақ сияқты жоқ-жітімді жерден шыққан қыз Арыстың ар жағындағы жай ғана полеводты қайтсін деген берік сенімде жүр еді. Сол сеніммен жүргенде қыздың тигелі жатқанын, не аттыға, не жаяуға жатпайтын әлгі полевод оның күйеуі болғалы тұрғанын естіген кезде Сейітжаппар осы оқиғаның бәрі түсім шығар деп ойлады.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39