Ал оның түс емес өң екеніне, аупарткомды полеводтың жеңгелі тұрғанына оның көзі жеткен кезде өзіне-өзі сенімі мол жігіт мұның бәрі заманның бұзылғанынан, адамдардың кісі тану қасиетінен айырылғандығынан, махаббат деген бәленің, айтса айтқандай, шын соқырлығынан деп ұқты. Ол жеңілді, бірақ жеңілісі бойындағы жабайы сезімдерін жетілдіріп, өзімшіл еркекке тән өркөкірек сезімдерін молайтып кетті. Оның бір кездегі өзінше алып ұшқан алапат сезімдері жуаси келе арыстан кейпінен айырылып, мысық табан жымысқы қулыққа көшті. Ардақтың күйеуі майданға аттанды деген хабарды естігенде ол қатты қуанған, тіпті оның майданға алғашқылардың бірі болып аттануына да мұның қатысы болмай қалған жоқ еді. Енді ол кек қайтарар ең бір қолайлы кез туды деп есептеген-ді. Әйел алдында меселінің қайтуын ол еркектік намыстың көздеген мақсатын қалайда орындамай тынбауға көптен бекінген еді. Кез келген оқиғаны сылтауратып оның бұл ауылға келуі де соңғы кезде жиілеп кетті. Келген сайын есебін тауып кейде жасырын, кейде жария түрде Ардақпен тілдеспей кетпеуші еді. Кейде оны үйіне де шығарып салатын. Былтырғы жаңа жылда түн ішінде кеп, Ардақ үйге кіргізбеген соң, далада қатып өліп қала жаздаған. Бұл жолы міне, тағы да жаңа жылмен құттықтағалы келіп тұр. Жұрт у-шу боп мәз боп жатқанда Ардақ қана оның нендей мақсатпен бұл ауылға келгіштеп жүргеніне ой жіберіп, сол ойдан өзінен-өзі қатты қысылды. Сейітжаппар бұл жолы патефон әкепті. Әне, ол ортаға бар адамның жүрегін сыздататын лепірме сөз, жалаң ұран айтып шықты. Бірақ мұндайлардың жолы болғыш: олар ешқашан ұялмайды, ақымақ екендігін сезінбейді, сонан соң ылғи тоқ, қашан да дендері сау. — Жолдастар! — Ол қолын жоғары көтерді. — Мемлекетке шитті мақта тапсыру жоспарын ауданымыз бүгін, яғни 1944 жылдың 31-декабрь күні орындап шықты. Сіздердің ауылдарыңыз аудандағы ең кішкентай ауыл. Соған қарамастан, сіздер мемлекеттік жоспарды артығымен орындап, аудандағы ең ірі колхоздармен теңесіп отырсыздар және бұл қуанышты хабар басқа күні емес, дәл бүгін, 31-декабрьде жетіп отыр. Бұл — сіздердің жаңа, 1945 жылға деген аса үлкен тартуларыңыз боп табылмақ. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, жолдастар! Ал мына патефонды ауыл совет председателі… Ардақ… Лепесова жолдасқа табыс етуге рұқсат етіңіздер! Жұрт ду қол шапалақтады. Патефонның колхоз бастығына емес, ауылсовет председателіне ұсынылғанын Ормантай түсіне алмай қалды да, өкілге бір, патефонға бір қарап қойды. Жұрт ырду-дырду боп жатқанда Шәмсия: — Неғыл дейді? Жаңа жылы несі? — деді таң қалып. — Сен екеуміз ұрысып отырғанда бір жыл өтіп кетіпті ғой, — деді Мәнсия оны сөзбен шымшып. Аузынан буы бұрқырап ортаға Хадиша шықты. — Жаңа жылмен құттықтағаныңызға рахмет! Ал майданнан не хабар бар, соны айтсаңызшы, — деді ол өкілге төніп кеп. — Біздің әскерлер жауды өз жеріне
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39