Демесін? Мен оқиғаны басынан бастап айтайыншы. Қыстың қақаған шағы. Облыс орталығынан тым шалғайда жатқан кішкентай ауылдың еңсесі түсіп, сұлық жатыр. Желсіз тымырсық аяз. Жатаған үйлердің мыртық мұржаларынан тіршілік белгісін білдіріп, қисық түтін будақтай көтеріледі. Соғыс кезеңінің иықтан езген жадау да, жабырқау көрінісінен адамдардың да еңсесі түсіңкі. Бірақ баланың аты қашан да –бала. Олар ішерге тамақ, киерге киім болмаса да бейғам күлкіге дайын тұрады. Жамау-жасқау, олпы-солпы киінген жеті-сегіз бала қаннен-қаперсіз сырғанақ теуіп жүр. Жыртық етік, шолақ тон, кең шалбар, тозған малақайлардың көрмесі осы балалардың үстінде. Жастарына жетпей ерте есейген, сол мезгілсіз есейгендігімен-ақ аяушылық туғызатын балалар. Бірақ олар өте көңілді. Олардың күлкілеріне қарап бұл өңірге соғыс зардабы тимегендей, немесе әлдеқашан бейбітшілік орнағандай еді. Бір ағаш шанаға үш бала отырып, олардың соңына тағы үш-төрт бала жабысып, төбеден құлдилап келеді. Еңіске жете бергенде шана аударылып, бәрі опыр-топыр болды да қалды. Олар ішек-сілелері қатып, құлағандарын бір-бірінен көріп, бір-бірінің мойнына қар тығып мәз боп жатқанда, шетте тұрған бір бала жанұшыра айғай салды. — Полундра! Демесін келе жатыр! Бірнеше бала жақын маңда тұрған бұзылған жаман тамға кіріп жоқ болды. Үстінде көнетоз солдат шинелі, басында солдат құлақшыны бар Демесін көрінді, бір бұрыштан шыға келіп, тура осылай қарай жүрді. Оның қолында дорба, шамасы Қараспан базарынан келе жатыр. Бұл жолы одан адам қорқа қоятындай емес, бірақ ауыл адамдары одан қорқып үйренген. Ол әлденеге көңілденіп, ыржия күліп келе жатса да, балалар тұс-тұсқа қаша жөнелгелі тұрады. Жалпы, бұл ауылдың көпшілігі, әсіресе, балалары Демесін десе зәрелері кетеді. Ал Демесін болса осы кезге шейін біреуге күш көрсетіп, қиянат жасап көрген емес. Ескі көздердің айтуынша, оның әке-шешесін ақ бандылар атып кеткен деседі. Алты жасар баланың көзінше атыпты. Содан ол кеңкелес боп қалған көрінеді. Соғыстың алғашқы айларында майданға сұраныпты. Бірақ дәрігерлер рұқсат етпеген. Сөйтсе де, интенданттық батальонда біраз болып елге оралған екен. Соғыс туралы хабар, оның алыстағы дүмпуі Демесіннің делебесін бұрынғыдан да қоздыра түсетін. Демесін жан-жаққа тым-тырақай қаша жөнелген балалардың бұл қылығына мәз боп күліп тұр. — Ей, бұларың не? — деп айғайлады ол қарқылдай күліп. — Менен неге қашасыңдар? Сендерден қызыл әскер шықпайды, өйткені сендер су жүрексіңдер! Жақындағы жаман тамнан жасқана шыққан дауыс естілді. — Жоқ, біз қорқақ емеспіз!.. — Сен кеткен соң шығамыз. Демесін тағы да қарқылдай күлді. — Мен кеткен соң? Мәссаған батыр болғандарыңа! Ал сендер менің қайдан келе жатқанымды білесіңдер ме? — Білмейміз. — Білгіміз де келмейді. Демесін ашуланған жоқ. — Мен базардан келе жатырмын, білдіңдер ме, базардан! Міне, мынаны көрдіңдер ғой, — деп ол дорбасын жоғары көтерді. — Бұл не? —
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39