қуып тықты. Жеңіс күні жақындап келеді, жолдастар! — деп өкіл жалпы жұртқа белгілі жайдан әрі аса алмады. Балалар «ура» деп, ересектер көзіне жас алып қуанды. Жаудың қашып бара жатқаны, әйтеуір бір кезде жеңіс күні келерін жақсы білсе де, ауданнан келген ресми адам айтқан соң кәрі-жас түгел қуанды. Олар арқа қарыған аяз бен үйлеріндегі суық төсектің де уайымын ұмытып кетті. — Ал, колхозшы жарандар! Жаңа жылға аз ғана уақыт қапты, — деді Ормантай. — Әне, әтештер де шақыра бастады. Жаңа жыл құрметіне бүгін үйлеріңізге ертерек қайтуларыңызға рұқсат. Ал ертең қанарланған мақталарды шана-шанаға тиеп, станцияға жөнелтеміз. Күн шықпай осында болыңдар. — Япыр-ай, жаңа жылдың келгенін де байқамай қалыппыз-ау, ә? — деді Шәмсия қиял мен толғаныс үстінде. — Екеуміз енді бір ұрыссақ, қырық алтыншы жылға жетіп барғанымызды да байқамай қалармыз, — деп күлді Мәнсия. — Иә!.. Оған дейін күйеулеріміз де келіп, бәрін де ұмытармыз-ау, — дегені сол екен, Шәмсияның көзінен екі тамшы жас жерге үзіліп-үзіліп түсті. Екі күн бойы бет қаратпай соққан қарлы боранның ашуы енді ғана тарқап, оқыста көрсеткен тентек мінезі үшін кешірім сұрағандай табиғат адамдар алдында кішірейіп, момақан күйге түсе қапты. Бүгін далада шағырма жұлдыз, шарт аяз. Мақта пунктінен жұрт дабыр-дұбыр тарап жатыр. Олар күндегіден көңілді: Жаңа жыл қуанышы, жаңа үміт қуанышы, жақындап келе жатқан жеңіс қуанышы, майданнан аман оралатын азаматтар қуанышы әр кеудеде молая түскен секілді. Қарлы дала, жалғыз аяқ соқпақ. Пункттен шығып келе жатқан Ардақты Сейітжаппар қуып жетті. — Мұныңыз не? Жұрт не демек? — деді Ардақ шошып кетіп. — Жұрт не десе о десін! Сені үйіңе дейін шығарып салайыншы. — Жоқ, болмайды! Қайтыңыз. Ормантаймен бірге болыңыз, — деп Ардақ жүрісін жылдамдата түсті. — Мен ол үшін емес, сен үшін келдім ғой, неге түсінбейсің? — деп өкіл езеурей сөйледі. — Бұл өңірде менен өзге әйел құрып қалған жоқ шығар. Мұныңыз не? Келеке ме, әлде кек қайыру ма? Өкіл қипақтап біраз тұрды да: — Не деуші еді әлгі… махаббаттың көзі соқыр деуші ме еді, — деді күмілжіп. — Қойыңызшы, жылтыр сөзді жаным жек кереді. Сіз бен бізде қайдағы махаббат! Менің күйеуім бар, балам бар… Әуре болмасаңызшы. Өкіл оның қолынан ұстап тұрып алды. — Бәрібір сені жалғыз жібермеймін, — деді ол сәл арсыздау үнмен. — Одан да үйге барып патефон тыңдайық. Мен Роза Бағланованың пластинкасын әкелдім. Ол «Ах, Самара, городокты» ғажап айтады. — Айтпақшы, оныңыз ұят болды. Патефонды айтам. Колхоз кеңсесінде тұрсын деп, оны Ормантайға беріп кеттім. Оны қалай алмақпын? — Қап, бекер болған екен. Қазір қайта алдырайын. — Жоқ, одан
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39