соның бәрін қазір айтып, қазір қайғырмасақ болмай ма? — деді Сейітжаппар күрсініп. Сөйтті де, Ардақты құшақтамақ боп иығына қолын сала беріп еді, Ардақ сытылып шықты. Осы кезде тарс-тарс атылған мылтық даусы естілді. — Естідіңіз бе? — деді Ардақ оқыс оқиғаға қуанып. — Нені? Біреу келе жатыр ма? — Жоқ, келе жатқан ешкім жоқ. — Енді не? — Тоқтаңыз. Әне! Мылтық даусы. Бұл жолы мылтық үні мүлдем жақыннан естілді. Өкіл сілейіп тұрды да қалды. Алыстан тыныштық күзетшісінің даусы талып естілді. Дауыс бірте-бірте жақындай түсті. Қабағынан қар жауып, Кірпігіне мұз тоңып, Қатуланып қаттанды Буырқанып бұрсанды Мұздай темір құрсанды. Топталып тұрған жауларға Қобыланды батыр жол салды. Жалғыз өзі батырың Жойып кетіп барады… — Бұл тыныштық күзетшісінің даусы. Қандай өрескел де тылсым құбылыс! Мұндай оқиғаны бізге дейін ешкім естіген де, көрген де емес шығар, — деді Ардақ терезе алдына келіп. Дауыс бұрынғыдан да күшейе түсті. — Не, ол… осында келе ме? — деді өкіл үрейленіп. — Қандай сужүрек адам едіңіз, — деп Ардақ бұл жолы шындап күліп алды. — Оның сізбен шаруасы жоқ. Ол фашистермен соғысып жүр. — Фашистермен? — Иә, фашистермен. — Қалай, соғысқаны қалай? — Кәдімгідей? — Сонда ол.., мылтық ата ма? — Атқанда қандай? Өкілдің көзі алақандай боп, түрі бұзылып кетті. Осы кезде қос ауыз мылтықтың гүрс-гүрс етіп қосарланып атылғаны естілді. Өкіл жерге етпеттеп жата кетті. Тыныштық күзетшісінің даусы бірте-бірте алыстап, үй ішінде тыныштық орнаған соң. Ардақ: — Оу, өкіл жолдас, ұйықтап қалдыңыз ба? — деді қарқылдай күліп. Өкіл орнынан тұрып, үстін қағып-сілки бастады. — Мынау бір сұмдық екен! — деді ол дірілдеп. — Сізді көрген сайын: «Осы кісі неге соғысқа бармайды» деп ойлаушы ем. Менімше, сізді соғысқа алмай жүргені де дұрыс болған. Сіз сияқты қорқақ адамдар бейбіт өмірде ғана қожаңдағыш келеді ғой. — Білем, білем, тікен тілді әйелсің. Сондықтан сенің сөзіңе ренжуге болмайды. — Ал енді қайтыңыз. — Таң да атып қалды ғой. Осында қона кетсем қайтеді? Балаң да ұйықтап қалды. — Жоқ. Таң сыз бере мақта пунктінде болуым керек. От жанбай, жұрттың түтінге булығып жатқанын бағана көрдіңіз ғой. — Мен сенің барлық тілегіңді орындайтын едім ғой. Осыдан барған соң, колхоз тізгінін өзіңе әперем бе деген ойым бар. — Керегі жоқ. Мен тізгін үшін таласпаймын. Таласа қалсам да өзім күресемін. Сау болыңыз! Бұл жолғы әрекетінен де ештеңе шықпайтынын түсінген Сейітжаппар амалсыз қайтуға бел байлады. — Япыр-ай, әлгі жындысүрей күзетшілеріңнен қалай өтер екенмін? — деді ол жай шығып кетудің ретін таппаған соң, әдейі ашу шақыра сөйлеп. — Өкіл екеніңізді түсіндіріп айтарсыз?
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39