— деп күлді Ардақ. — Қолында мылтығы бар дедің, ә? — Иә, мылтығы бар, қос ауыз… — Ардақ, осында жата кетсем қайтеді? Күн шыққан соң-ақ кетермін. — Жоқ. Таң атқанда үйден шығып бара жатқаныңыз жарамас. — Енді қашан келейін? — Айттым ғой, келмей-ақ қойыңыз! — Сен әйел емес, ағаштан жаралған шығарсың! Ал тырысып бақ, қашанға дейін шыдар екенсің!.. Бірақ айтпады деме, бір күні өзің жалынасың. Сонда көрермін бәлем сені… — Осыны айтты да, ол есікті сарт жауып шығып кетті. Сырттан тыныштық күзетшісінің үні естілді. Ардақ қабырғадағы күйеуінің суретінің алдына кеп ұзақ түрды да, әлгі өкіл айтқан сөзден қорланып жылап жіберді. Жастыққа көміліп ұзақ жылады. * * * Ол кездегі ұйқының адам үшін атқарар бірнеше қызметі бар еді. Тынығу, әл жинау, өзіңді ертеңге дайындау, азапты тіршілікті ұмытып ғажайып түстер көру, сағынып жүрген әкеңмен, бауырыңмен қауышу, жыртық етік, жамау тон боп тым ұзаққа созылған қысты артқа тастап гүлге толы көгілдір қыраттарға жалаң аяқ жүгіріп шығу, содан үйіңе кеп көңілің қалаған дәмді тағамдарды тойғаныңша қарбыта жеу. Адамдар осы үшін жастыққа бас қойып, осы үшін ұйқыға кетуші еді. Олар үйлеріне түн жарымында кеп от жағып, ыстық қаумет жасап ішіп, ақыреттей суық көрпенің астына кіріп, көздері ұйқыға кеткенше бойлары жылынбайтын. Жылынбаған бойы ұйықтап кетеді. Тістерінің сақылдағаны қатты ұйқыға кеткенде ғана тоқталады. Түстеріне лаулаған от, ыстық монша кіреді. Бойлары енді жылынғанда сібірлеп таң атып, бұлар орындарынан тұрып кетеді. Ертең тағы осы күн. Бірақ бүгін сол суық төсекке жеткенше де көп уақыт бар. Өйткені таң жаңа атты. Мақта пунктіндегі жұмыс енді ғана басталды. Үлкен-үлкен қанарларды әйелдер мен балалардың өздері-ақ көтеріп, сыртқа алып шығып жатыр. Балалардың ішінде Мүтән де бар. Ол жазылып, жұмысқа араласа бастаған. — Әй, Мүтән, тым ауыр қанарларды көтермей-ақ қой, сынған қолың әлі жазылып біткен жоқ, — деп, жүк көтеріп жүрген оған анасы ауық-ауық айғайлап қояды. Жұмысқа келген бетте Перизат үйреншікті әдетпен: — Ардақ апай, менің апамнан хабар бар ма? — деген сауалмен қарсы алады. Бұл болса: «Жоқ… Жақында кеп қалар», — деп күмілжи жауап береді. — Мен бар ғой, Ардақ апай, түсімде көкемді тағы көрдім, — деп Перизат көрген түсін айтады. — Ол келгелі жатыр екен деймін. «Мамаң ауырып қапты ғой. Қамықпа. Жақында барамын. Ініңді жалғызсыратпа. Мен барғанша шыдай тұр. Жылама» деп жатыр. Сізге не болды? Ардақ апа? Ардақ, әрине, жас қыздың сөзінен толқып кетіп еді. — Жай… ештеңе де. Мен екі күн бойы көз шырымын алған жоқпын. Басым айналып тұрғаны, — деп қайдағы-жайдағыны айтып кетті. Онымен қарап тұрмай Перизат: — Ардақ, апа, осы
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39