тізбектеп байланған үш адамды ішке алып кірді. Бәрінің соңынан қолы байлаулы өкіл кіргенде ауыз біткен аңқиды да қалды. — Бастық жолдас. Міне пәшистер! Тұтқын пәшистер! — деді Демесін «рапорт» беріп. — Неғыл дейді, құдай-ау? Тұтқын пәшистері несі? — Ойбай-ау, пәшис деп тұрғанының біреуі түнде ғана бізді құттықтаған өкіл емес пе? — деген дауыстар әр жерден бір естіліп жатты. — Бұл не сұмдық? — деді Ардақ, Демесінге қарамауға тырысып. Демесін болса кегі қайтып, көңілі толған адамдай Ардаққа күлімсірей әрі масайрай қарап қояды. — Енді бізге жетпей тұрғаны — өкілді тұтқындау еді, — деді Ормантай басын шайқап. — Босат мына кісіні! — Жоқ, босатпаймын! Ол түнде неге жүреді? — Бұл кісі бізге ауданнан келген өкіл, білдің бе? Қап, бізді әбден ұятқа қалдырдың-ау! Қолын шеш енді! — Балалар бұйрықты орындамақ боп оларға жақындай беріп еді, Демесін дүрсе қоя берді. Ормантай сонда ғана байқады. Демесін үшеуінің де аузына мақта тығып қойыпты. Әсіресе, өкілдің аузындағы мақтаны көргенде бастықтың жүрегі аузына тығылып, көзі ұясынан шығып кете жаздады. Оның ызадан жарылғалы тұрғанын көріп, екі-үш бала өкілді босатпақ боп ұмытылып еді, Демесін жетіп кеп: — Аулақ, өзім босатамын! — деді ол ақырып. Ол өкілдің қолын шешіп, аузындағы мақтаны алды. Өкіл тәлтіректеп келіп пешке сүйеніп, ұялғанынан жеңімен бетін басты. Сонан соң басын көтеріп, әуелі Ормантайға, Ардаққа, сонан соң үнсіз жиылған жұртқа қарады. Бір сұмдықтың боларын күтіп, жұрт та сілтідей тына қалыпты. — Мені осылай масқараладыңдар ма? Тұра тұрыңдар, бәлем, бұл үшін сазайларыңды тартасыңдар әлі. Өкімет адамын мазақ қылдыңдар ғой, мені ойыншық санадыңдар ғой! — деп ол ыза мен қорлықтан жыларман халде булыға сөйледі. — Әй, Демесін-ай, не істегеніңді білесің бе, сен? Аудан алдында бізді ұятқа қалдырдың ғой, — деді Ормантай өкілдің алдында ақтала сөйлеп. — Жо-оқ, бұл тек ұяттың ісі емес, жазаның ісі, жазаның! – деді өкіл ызадан қалшылдап. — Мені осылай қорлағаны үшін мына тұрған нақұрыстарыңды… милициямен жындыханаға айдатам. Ал сендерді, колхоз бастығы мен ауылдық совет бастығы… Ендігі ісім сендермен болсын!.. — Ойбай-ау, бұл кісі кеше түнде кетіп қалмап пе еді, таңға шейін қайда жүрген? – деді Мәнсия көпшілік көкейінде тұрған сұрақты дәл басып. – Менің үйімде! — деді кенет Ардақ. Жұрт аңтарыла қалды. — Иә, иә, менің үйімде, — деп қайталады Ардақ. — Білгілерің келіп тұрғаны сол ғой. Ал біліңдер! Жұрт арасында сыбыр көбейді. — Не дейді? Бетім-ау, сонда екеуі бірге болған ба? – Иә, бірге болғанбыз! Бірақ өкіл жолдас өкпелеп кеткен. Бізге кіжініп тұрғаны да сондықтан шығар, — деді Ардақ әрі ызалана, әрі амалсыз ақтала сөйлеп.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39