қайдан алдыңдар? — деді ол байпақты ұрының дәл көзінің алдына тақап. — Базардан, — деді біреуі тайғанақтай жауап беріп. — Тауып алдық, — деді екіншісі жалма-жан жалтарып. — Қайсыңа сенеміз? Қане? Өздерің мойындарыңа алыңдар, — деді Ормантай байпақты Хадишаға ұстатып. Сөзге Ардақ араласты. — Түуһ, Ореке-ай! Бейбітшіліктің адамысыз десем, тағы ренжисіз-ау. Бұл сұмырайлармен басқаша сөйлесу керек. Олардың тілі басқа. Әй, Демесін!.. Демесіннің қабағы бірден жадырап: — Тыңдап тұрмын, — деп саңқ ете қалды. — Мыналарды үй артына алып бар да, атып таста. Бәріміз бір-бір күрек топырақ тастасақ, көміледі де қалады. Бұларды іздейтін де ешкім жоқ. Алып кет! —Демесін «Құп болады!» деп арқанды ұстап, байлауы әлі шешілмеген екеуін сүйрей бастағанда біреуі шар ете түсті. — Айтамын, бәрін де айтамын! — Шыныңды айтсаң, кешірім жасаймыз, — деді Ардақ екіншісіне, — Зейнеп қайда? Тонаған әйелдеріңді айтам? — Егер қолымды шешсеңдер бәрін айтам. — Шешіңдер қолын. Демесін оның қолын шешті. — Ал айт. Зейнеп қайда? — Ол… ол… көпірдің астында… — деді тымақты ұры. — Тірі ме? — Білмеймін. Көпірдің астында… іш көйлекшең ғана қалған… Менің жазығым жоқ, менің жазығым жоқ. Мен қарауыл қарап тұрдым. Бәрін істеген мынау! Жанымды алып қала көріңіз, жалынамын! Жалынамын!.. Перизат, «ма-ма-а… ма-ма-а-тай!..» деп шыңғырып жіберді де, талықсып құлап түсті. Жұрт оны көтеріп алды. Жұрттың абыр-сабыр кезін пайдаланып, қолы шешілген ұры еңбектеп отырып есікке жетті де, шыға қашты. — Ойбай, ұрының біреуі қашып кетті, — деп бір әйел айғай салды. — Ұстаңдар, ұстаңдар! Сырттан шаба жөнелген ат дүбірі естілді. — Аттан, аттан! Пәшист қашты! Ат қайда, ат қайда? —деп Демесіннің делебесі қозып сыртқа жебедей атылды. Жұрт дүрлігіп түгел далаға беттеді. Демесін сыртқа шыққанда ұры оның атына мініп, қашып үлгерген еді. Ол жалма-жан мылтығын иығынан сыпырып, ұрының соңынан қудыра атып еді, оқ дарымады. — Аһ, оңбаған, құтылып кетті-ау! — деп ол жұдырығымен маңдайын соқты. * * * Шегі де, шеті де жоқ қара жұмыстан әбден қажыған колхоздың көтерем атындай, бұл шағын ауылдың әлжуаз күні ілбіп шығып, зорлана батып жүріп, әрең дегенде тағы бір айды артқа тастады. Бұл ауылдың бірде- бір үйінде сағат жоқ болатын. Оларда уақыт жайлы екі-ақ түсінік бар еді, бірі ұйықтағанға дейін, екіншісі ұйықтап тұрғаннан кейін. Осы екі аралықтың өзін олар «тіршілік» деп атады, осы екі аралықта олардың ең бір ғажайып армандары мен балдай тәтті үміттері қатталып жатты және мұндай ғажайып армандар мен балдай тәтті үміттер соғысқа дейінгі бейбіт күндердің ешқайсысында болып көрген жоқ. Ондай күндер 45-жылдың 9-майынан кейін де ешқашан қайталанбайтынын осындағы қырық бір түтіннің бірде-бірі ойлап көрген
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39