ТЫНЫШТЫҚ КҮЗЕТШІСІ

емес. Өткен жолғы оқиғадан соң Демесін тым екіленіп алды. Ол бесіннен бастап тура күн шыққанға дейін екі атын шанаға кезек-кезек жегіп, ауылды кірпік ілмей айналып шығуды әдетке айналдырды. Тек күн шығып, төңірек ай-жай болғанда ғана түнгі аяздан қас-қабағын қырау көміп, болдырған аттарын жаман сарайдағы ақырға байлайтын да, өзі моладай мұздай тамындағы ақыреттей төсегіне шешінбеген бойы құлай кетуші еді. Сол құлағаннан түс ауа бір-ақ тұрады. Сонан соң барып үйіне от жағып, қазандағы мұз боп қатып қалған көжесін жылытып ішіп, «ауылды торыған пәшистермен» ақтық демі біткенше айқасу үшін тағы да оқ құюға кірісетін. Ауыл адамдары ілуде далаға шыға қалғанда алыстан естілген Демесіннің «айт, шу!» деген дауысы мен болдыра бастаған атының жиі-жиі пысқырғанын, шана табанының қасат қармен сырылдағанын естіп, әрі қорқып, әрі ес тұтушы еді. Бүкіл ауыл, шынында, енді алаңсыз ұйықтайтын болды. Оны «милицияға тапсыру, немесе жындыханаға өткізу» жайлы мәселе әзірге актив арасында айтылмайтын болды. Адамдар тыныштық күзетшісінің өрескел қызметіне біржолата үйреніп алды. Олардың алаңсыз тіршілігі мен бейғам ұйқысы Демесінге ерекше демеу беретін еді, ол түнгі «қызметінен» қайтып келіп, әлгі ақыреттей төсегіне бас қойғанда, ауыл адамдарының тағы бір түнді тыныш өткізіп, тағы бір күнді қарбалас тірлікпен бастағанын көріп, өзі де тыныш ұйқыға кетуші еді. Бүгін де ол қызметінен қайтар жолда колхоздың шөпханасынан бір бау жоңышқа, екі бау жүгері пая алып, үйіне қайтып бара жатқан жолда Ардақпен қарсы ұшырасты. Ардақ онымен «қызмет бабында» кездеспеген еді, оның екі беті түнгі аяздан тұтқыштай боп қарайып, кірпігімен мұртына қадау-қадау боп мұз қатып қалыпты. Демесін бұған бұрылып та қараған жоқ, танымайтын адамдай қасынан зу етіп өте шықты. Ардақ бүгін әр үйге бөліп берген колхоздың ірі қара малын қабылдау үшін мал қораға ертелетіп келіп еді. Кімде қанша мал бар, кім қаншасын өткізді, соның бәрін қадағалап отыру үшін ол қасына қағылездеу бір әйелді ертіп ап күн тұсау бойы көтерілгенде мал қабылдауға кірісті. Әуелі қақаңдап Кәкімбек шал келді. — Иә, сізге қанша сиыр беріліп еді? — деді Ардақ жуыспай тұрған алақанын үрлеп. — Төртеу. Төртеуі де дін аман. Әне, көр! — деп сергек жауап қатты Кәкімбек. — Осынша ерте бастап, жау қуды ма? — Арықтатып жібергенсіздер ме, қалай, іші-ішіне қабысып қапты ғой? — деді ол Кәкімбектің наразылығына құлақ аспай. — Колхоз не берді, алдына соны қойдық. Аянған ештеңеміз жоқ. — Ала сиырдың бір мүйізі неге сынған? — «Жазым болса быламыққа тіс сынады» деген. Кеше менің де бір тісім сынып қалды, міне, — деп дәлел ретінде ол аузын ашты. — Сіз жетпіске келдіңіз, тісіңіз ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір сыну керек,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39