Дорба, — деді Мүтән деген бала дуалдан жартылай сығалап. — Дұрыс! Дәл таптың. Ал ішінде не бар? Ешкім жауап бере алмады. — Мұның ішінде кәмпит бар, тәтті күлше бар! Мен сендерге әдейі арнап алдым. Келіңдер, жақындаңдар! Балалар оның сөзіне сенерін де, сенбесін де білмей үнсіз қалды. Демесін дорбаның аузын қайырып, ішіндегі барын көрсетіп қойды да, өзі аулағырақ барып тұрды. Әуелі бір бала жақындады. Ол жайлап басып келіп, дорба ішінде шынымен кәмпит жатқанын көрді. Біреуін, сонан соң екеуін, үшеуін алып жеді. Оның шынымен кәмпит жеп жатқанын көріп, өзге балалар да лап қойды. Бірнеше секундтың ішінде дорба шұбатылып бос қалды. Демесін оларға қарап жас балаша мәз боп күліп тұр. Балалардың ересектеуі Мүтән оған жайлап жақындады. — Қалай, шынымен кәмпит пе екен? — деді Демесін Мүтәнға төне қарап. — Иә. Рахмет! Екеуін апама апарып беремін деп алып қалдым. — Жарайсың! Ақылдысың! Келесі жолы тағы да әкеп берем. Бірақ менен қорықпайтын болыңдар. Келістік пе? — Келістік. Демесін аға, біз соғыс ойынын ойнайық деп едік. Ешкім фашист болғысы келмейді. Сіз фашист болыңызшы, а? Демесіннің күлкісі бірден тыйылып, бетіне ашу-ызасы ойнап шыға келді. — Ж-оқ! Ондай ойын ойнауға болмайды. Басқа ойын ойнаңдар! — деді ол ақырып. — Біз басқа ойын білмейміз. — Неге білмейсіңдер? Басқа ойын құрып қалды ма? — Басқа ойын қызық емес. — Неге қызық емес? Қызық болғанда қандай! — Айтыңызшы, қандай ойын? — Бейбітшілік… — Бейбітшілік? Балалардың бәрі бір-біріне қарап тұрып қалды. Тымағы көзіне түскен бір кетік бала маңдайына саусағын апарып, көзін алартты. «Жынды» дегені. — Біз бейбітшілік ойнай алмаймыз. Балалар «қару-жарақтарын» тастай салып, бет-бетімен қаша жөнелді. Демесін Мүтәнді «атып құлатты» — ұрып жықты. Қолына соққы тиген бала қар үстіне жалп етіп құлап түсті. — Фашистер! Оларға өлім! Олар бізді қашанғы өлтіре береді! — деп Демесін өзге балаларды да тым-тырақай қуа жөнелді. Балалардың у-шуы мен қар үстіндегі топалаңды көріп, жан-жақтан адамдар жиналып қалды. Колхоз бастығы Ормантай, ауыл совет председателі Ардақ, соққыға жығылған Мүтәннің анасы Хадиша жетті зыр жүгіріп. Ешкім Демесінді тоқтата алар емес. Құтырынып алған Демесіннің қаһары мен айбарынан адам шошынарлықтай. — Ормантай қайнаға-ау, тоқтатсаңыздаршы ана Демесінді! Ойбай-ау, балаларды қырып бітетін болды ғой!— деп Хадиша жүгіріп кеп баласы Мүтәнді көтеріп алды. Соққыға тағы бір бала құлады. — Тағы бір фашист құлады! Бәлем, саған сол керек! — деп Демесін өршеленіп жүр. Ормантай мына көріністен жаны шошып, оның қарсы алдына кеп көлденеңдеп тұра қалды. — Демесін! Тоқта деймін! Саған не болған, Демесін! Әй, сенің ақылың қайда кеткен, тоқта деймін! Тоқта! Демесін оның сөзін елең қылар
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39