тілдей қағаз алып, Перизатқа берді. — Оқы! Дауыстап оқы! Есітсін мені талап жегелі тұрған мына әйелдер! Перизат дірілдеген дауыспен тілдей қағазды оқи бастады. «Құрметті Ардақ Лепесова. Сіздің жарыңыз, гвардия лейтенанты Лепесов Асқар 1943 жылдың 2-февраль күні Сталинград түбіндегі ең соңғы шайқаста ерлікпен қаза тапты…» Перизаттың қолы дірілдеп, қағаз жерге түсіп кетті. Осыдан бірнеше минут қана бұрын мына дүйім жұрттың алдында ең мейірімсіз, ең қатыгез жан боп тұрған Ардақ сол дүйім жұрттың көз алдында күрт өзгеріп шыға келді. Жаңа ғана таптап тастауға дайын тұрған әйелдер енді оған әулиедей табынудың аз-ақ алдында тұрды. Көпшілік деген жарықтық осы. — Япыр-ай, күйеуінің қазасын осы уақытқа шейін жасырып келген қандай дәті берік әйел еді, — деді Мәнсия. — Байғұстың барлық қайғысы ішінде жатыр екен ғой, — деп жыламсырады Шәмсия. — Ашу үстінде тілім де, қолым да тиді, ашынған адам не айтпайды, кешір мені, Ардақ! — деп Хадиша жылап кеп оны құшақтап еді, Ардақ міз бақпады. Әлден соң барып: — Менің қайғым сендердің қайғыларыңнан артық емес, Хадиша, — деді ол қатая сөйлеп. — Сенің күйеуіңнің қаза болғанын естіген күні де жұмыс істегенбіз. Сондықтан, мал тапсыруды жалғастыра берейік. Менің қайғым сенің қайғыңнан да ескі, тек оны бүгін ғана естіп отырсыңдар. Келесі кім? Келесі кім деймін? — Ол белгісіз біреуге ызаланып, дауысын қаттырақ шығарды. Кімге, неге ызаланғанын ешкім білген жоқ. Бәлкім, құдайға назаланған шығар. * * * Уақыт — диірмен, адам — бидай. Диірмен айналса, бидай ұн болады, айналмаса жаншылып жата бермек. Суы тартылған арықтың диірменіндей бұл ауылдың үстінен төнген уақыт — диірмен тым баяу айналып, адам-бидайларды ұн қып тартып жібергеннен гөрі, салмағымен езіп жатқаны молырақ секілді. Сол салмақты өзгелерден бұрынырақ сезінген шағын ауылдың бес-алты бас көтерерлері түн жарымы ауа тағы да талқыға салып отыр. — Қара қағаз үсті-үстіне келіп жатыр, — деді Ормантай қарлыққан, әрі мүлде болдырған дауыспен. — Биылғы жылдың оқиғалары ел еңсесін түсіріп, үміттерін алыстатып кеткен сияқты. Әсересе, Зейнептің өлімі жұрттың қабырғасына қатты батып отыр. Демесін болмағанда Перизаттың да тірі қалу-қалмауы екіталай еді. Мынадай қақаған аязда шешесінің моласының басында жылап жатқан жерінен жеті түнде сол көтеріп алып келді. Ол әлі есін жия алмай жатыр. Елдің еңсесін көтеру үшін не істеуіміз керек? Сендер ақыл бермесеңдер, менің амалым таусылды. — Бұл оқиға жалғыз біздің басымызда боп жатқан жоқ қой. Шыдайды, — деді Ардақ қысқа қайырып. — Меніңше, елге бір серпіліс керек сияқты. Бір той керек, — деді Әкімбек шал. — Дұрыс айтасыз, — деді Ормантай, — елге бір той керек, сілкініс керек. Ардақ зорлана езу тартып: —
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39