Оны қайдан аламыз? — деді мырс етіп. — Сенде қанша хат бар? Майданнан келген. — Ормантай Ардаққа телміре қарады. Ардақ сөмкесін ашып қарап шықты да: — Үш хат. Иә, үш хат бар, — деді. — Үш хат! Бұл –бір. Совет әскерлері фашистер ордасы — Берлинге қарай бет алды. Бұл — екі. Сонан соң, біз бүгін Демесінді колхозға мүшелікке қабылдап, өткен айдың ортасынан оған еңбеккүн жазайық. Той деген міне, осы емес пе? — Еңбеккүн? Не үшін? — деді Әкімбек кеңірдегін созып. — Тыныштық күзетшілігі үшін. Бұл аз ба? — Кешіріңіз… Колхозда ондай жұмыс жоқ. Заңсыз болмас па екен? — деп есепші Дәмеш сөзге араласа беріп еді, оны Ормантай шорт кесіп тастады. — Сендер де жоқ жерден заңшыл бола қаласыңдар осы. Тыныштық күзетшісі болмаса, «күзетші» деп жазамыз. — Сонан соң? — Сонан соң Демесіннің колхоз мүшесі болғанын тойлаймыз. Аз ба — үш хат, қызыл әскерлердің майдандағы табысы, менімше аз емес. Сонымен, Демесінді колхозға мүше ғып алайық дегендерің қолдарыңды көтеріңдер. — Мына жиналысымыз дені дұрыс адамдардың жиналысына ұқсамай барады, — деп күрсінді Ардақ. Жұрттар қол көтере бастады. — Бір, екі, үш… Қарсы бір, екі. Үш адам қол көтерді, екі адам қарсы. Сонымен, Демесін колхозға мүше болды, — деді Ормантай. — Келесі жиналыста оны басқарма мүшелігіне сайлайық. — Бәріне кеңірек қарау керек, Ардақ, — деді Ормантай байыппен. — Демесіннің саған жасаған жаманшылығы жоқ па, жоқ. Енді о байғұсты колхозға мүше қылсақ неміз кетеді!.. — Ормантай оған қарап қойды. Ардақ сәл ыңғайсызданып, әлдене дегісі кеп тұрды да, сөзін жұтып қойды. — Ол өзін бізден ақылсыз санап жүрген жоқ, — деді ол енді көңілді дауыспен. — Оның ойынша, мына біз жындымыз. Өткенде мен онымен оңаша сөйлестім. «Неге үйленбейсің?» дедім. Ол айтады: «Сендер ақымақсыңдар дейді. Үйленсең, бала туасың, өсіресің, ал оның кеудесін мынадай-мынадай оқ тесіп өтіп жатады» деп дорбадағы бытырасын көрсетеді. «Сонда кайтеміз, үйленбеуіміз керек пе, бала тумауымыз керек пе?» десем, «алдымен соғысты өлтіріп алып, баланы сонан соң туу керек» деп жауап бергені. Бір қарасаң жындының сөзі сияқты, ал ойлап карасаң, мұның ар жағыңда терең мән жатқанын көру қиын емес. Оның қолындағы мылтық соғысқа қарсы атылмақшы, ол түн ұйқысын төрт бөліп, аязға тоңып, бізді бәле-жаладан сақтамақшы. Ал ақылды деп жүрген адамның көңілінде жауыздық, қолында қанды қару бар. Осы екеуінің қайсысы жынды? Біз осы екеуінің қайсысын жындыханаға жіберуіміз керек? — Сіздің де сөзіңіз Демесіннің сөзіне ұқсап келе жатыр, — деп күлді Ардақ. — Ал жарайды, қабылдасақ қабылдайық колхозға. Әйтпесе, мені бір барып тұрған қаныпезер деп ойларсыңдар. — Мен
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39