жалғыз қалам ба, мен де қосылдым, — деп Әкімбек те қол көтерді. Енді ол мені есекке қоржын ғып арта қоймас. — Кітапшаны оған бүгін апарып беру керек, — деді Ормантай, — ол шанасына мініп, ауыл сыртына шыққанда, яғни қызмет бабында жүргенде! Демесін бұған баладай қуанар еді. Ол бізді талай қуантып жүр, біз де оны бір қуантайық тағы. — Иә. Қуанатыным сондай, оны көрсем жүрегім жарылып кете жаздайды. — Сонымен, кітапшаны оған кім апарып береді? Ақсақал, сіз қалайсыз? — Ойбай, атама бәлені! Тажалға өз аяғыммен барып түсетін жайым жоқ. Ат басындай алтын берсең де, көрмегенім Демесін болсын. Терезе алдында тұрған Ормантай кенет: — Бері, бері келіңіздер, — деді отырғандарға қолын бұлғап, — мына кереметті қараңыздаршы. Әне, тыныштық күзетшісі жұмысына шықты. Көріп тұрсыздар ма? Батар күнге қарсы сырғытып барады. Активтер дүрлігіп кеп, сырттағы ғажайып құбылысқа анталай қарасты. — Ой, сұмдық-ай! Естімеген елде көп деген осы! — деді Шәмсия жағасын ұстап. — Аты да әбден үйреніп апты, беткейдегі жолына қарай желіп барады, — деп Мәнсия да таңданғаннан даусын ішіне тарта сөйледі. — Ақ күмістей жылтылдаған қар тозаңын қарасаңшы! Жұрттан қалыспайын дегендей Әкімбек те таңдана дауыстап қойды. — Біздің тыныштығымызды күзетем деп мазасы кеткен байғұс-ай, — деді Ормантай кейін шегініп. — Ал сіздер осындай адамды жындыханаға жібереміз дейсіздер… Әй, адамдар-ай десеңші!.. — Демесіннен Ардақ қорықпайды ғой, еңбек кітапшасын сол-ақ апарып берсін, — деді Мәнсия қайдағы бір сезікті ойдың ұшын шығарып. — Жаңылмасам, өткен бір жолы ол біздің бастықтың шашынан сипаған сияқты еді… Мәнсияның байқатпай шымшығанын Ардақ естімеген боп, мүлде басқа сөз бастады. — Шынында да, мына көрініс ғажап екен! — деді Ардақ. — Мен оның бұрын былай шанаға отырғанын көрмеппін. Бәлкім, оны да бір қуантқанымыз жөн шығар. Бәлкім, оны жынды деп шеттете бермей, сау адамдай санасып көргеніміз де дұрыс болар. Әкеліңіз! Мен апарып берейін! Ардақ кітапшаны қойнына тығып, белін буынды да, жұртқа әдейі көз қылғандай тез-тез басып кеңседен шығып кетті. Ардақтың аяқ асты мұндай шешімге бел байлағанына жұрттың басы жетпей дал боп тұрып қалды. Адырлы даланың шана шиырлап тастаған сан тарау жолымен аттылы әйел — Ардақ келеді. Әлгінде әрі әйелдердің сөзіне ызаланып, әрі кеудесін ерекше бір желік билеп шығуын шыққанмен, тыныштық күзетшісі шиырлап тастаған жолды көріп, көп ұзамай оның да келетінін сезініп, жүрегіне қорқыныш үйіріле бастады. Бірақ шегінерге жол жоқ, не де болса тәуекел! Сәлден соң Демесін де көрініп, бірте-бірте жақындай берді. Демесін өзімен өзі сөйлеп келеді. — «Ал, жануар, тезірек! Ауылдың ана жағы иесіз қалды, шу жануар, шу!» — Ол жақындаған кезде Ардақ
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39