бол! Осыны айтты да, ол шанасына отырып жүріп кетті. Өң мен түстің арасында Ардақ та қимылсыз тұрып қалды. * * * Ауыл шетіндегі ойпаңға орналасқан Демесіннің құрқылтайдың ұясындай кішкене үйіне қараңғылық ерте түседі. Сондықтан болар, қырдағы ауыл әлі жап-жарық боп тұрса да, мұнда қара көлеңке. Бір бұрышта аласа ағаш төсек, іргедегі мор ошақтың қасында тозығы жеткен аса қажетті ыдыс-аяқтар ғана көрінеді. Мор ошақта лаулап от жанып тұр. Демесін оқ жасап жатыр. Пеш үстіндегі қалайы кружкадағы еріген қорғасынды ол алдын ала дайындап қойған қамыс түтікшелеріне құяды да, ол суыған соң түтікшелерді жарып, ішінен жылтыраған қорғасындарды алады. Сонан соң оны тақтайға қойып, балғамен ұрып, пышақпен турай бастайды. Кесілген қорғасындарды табаға салып, екінші табамен оны айналдыруға, яғни оқты домалақтауға кіріседі. Ол домалақтанған оқты пеш түбінде тұрған дорбаға салмақ боп оның аузын ашты да, салмас бұрын күбірлеп оқтарды санай бастады. — Бір, екі, үш, төрт.., он… он төрт… он сегіз… жиырма…жиырма төрт… отыз үш… отыз тоғыз… қырық екі…. қырық бес… қырық сегіз… елу төрт… елу тоғыз… алпыс бес… жетпіс екі… жетпіс сегіз… сексен бес… тоқсан алты… жүз он бес…жүз жиырма… Жүз жиырма оқ. Жүз жиырма… Дорбадағы оқ — он жеті мың жеті жүз… Мұнда жүз жиырма. Он жеті мың жеті жүзге жүз жиырманы қосқанда… он сегіз мың… Жо-жоқ… жеті жүзге жүз жиырма… — Ол бұл сандарды бір-біріне қоса алмай көп әуреге түсті. Жарайды, ертең біреуге қостырып алармын. — Дорбадағы оқтарды алақанына салып, тағы да өз-өзінен сөйлей жөнелді. — Пәшист біткен көп болса он мың, әрі кетсе он бес мың шығар. Ал менде он жеті мың оқ бар, он жеті мың! Бәрін жайратып салуға жетеді, тіпті артылып қалғалы тұр. Ал қалғанын не істеймін? Оны құр бекер аспанға атуға болмайды ғой. « Ә-ә, таптым, таптым! Пәшистерді қырып болған соң, мен оны сақтап қоямын. Егерде олар қайтадан бас көтерсе, оларға дорбамды көрсетіп айғай салам: «Ей, оңбаған қанішерлер, мына дорбаны көрдіңдер ме? Мұның ішінде сендер тамсанып соратын кәмпит жатқан жоқ, мұның ішінде сендердің жандарыңды жәһаннамға жіберетін оқ жатыр. Енді бастарыңды көтеретін болсаңдар жақсылық күтпеңдер, біріңді қалдырмастан жайратып саламын!» деп ішіндегі оқты салдыратсам, бәлем, өздері де кірген інінен қайтып шықпайтын шығар. Күн батып барады екен, жиналайын… «Он жеті мың жеті жүз, оған қосу керек жүз жиырма…» Ол аулаға шыққанда қолдарында қапшықтары бар, екі әйел Мәнсия мен Шәмсия өтіп бара жатыр екен. Демесін оларды көріп, алдарынан жүгіріп шыққаны сол екен, екі әйел де қаптарын тастай-тастай қашты. — Ей, тоқта! Тоқта! Мен сендерге тимеймін. Тоқта! — деді Демесін айғайлап. Олар тоқтар
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39