де, жүгіре басып, там айналып кетті. — Өткен жолы Демесін туралы айтқанымда маңайлатпай қойып едің, ақыры сүйісіп тындыңдар ғой, ә? — деді Мәнсия. — Қолы темірдей, бұлқынсам да босана алмадым, — деп ақтала жауап қатты Шәмсия. — Иә, жүдә қатты бұлқынып едің! Екеуіңді оңаша қалдырсам қайтеді, ә? — Ойбай, беті аулақ!.. Айтпақшы, оған әлгі сандарды қосу неге керек болды екен? — Білсем, құдай ұрсын. Сұрап көрейікші! — Сен сұрашы. — Мені емес, сені сүйді ғой. Өзің сұра. — Әй Демесін, әлгі сандардың саған.., сізге керегі не? — деді Шәмсия жасқана сұрап. — Онда шаруаларың болмасын. Соғыс құпиясын білгілерің келеді ғой, ә? — деді Демесін ақырып. — Жоғалыңдар тез, ой жынды қатындар! Екі әйел алды-арттарына қарамай тайып отырды. Демесін олардың баладай қорыққандарына қарқылдап тұрып күліп алды. Екі әйел ізім-қайым жоқ болған соң, Демесін жолға шығуға дайындалды. Кенет оқыс дауыс естілді. — Ей, есалаң! — деді құпия бір дауыс. Дауыстың қайдан шыққанын білмеген Демесін селт ете түсті. — А? О кім? Кім келген? Кім деймін? — деді ол жан-жағына алақтай қарап. Осы кезде тарс етіп мылтық атылды. Демесін кеудесін басып теңселіп тұрып қалды. Сәл бойын түзеп, мылтығына жармасты. — Пәшист! Пәшист!.. Сырттан шаба жөнелген ат тұяғының дүбірі естілді. Ол жерге қолын тіреп қайта түрегелді. — Маған оқ атты! Маған! Тыныштыққа! Тыныштық күзетшісіне. Не үшін? Не үшін? Менің жазығым не?.. Жазығым не?.. Демесін тәлтіректеп барып құлап түсті. Мылтық дауысын естіген ел жиналып қалды. Шана үстінде мылтығына сүйеніп, өлі-тірісі белгісіз Демесін сілейіп тұр екен. Ормантай жайлап келіп оның қолынан мылтығын алып еді, мылтығынан босаған Демесін соңғы рет бой жазып алды да, шанасына гүрс етіп құлап түсті… Жиналған жұрт оны қоршап алды. Топ ішінен оған Ардақ жақындады. Ол Демесіннің шашын сипады. Сонан соң басындағы ақ жаулығын алып оның бетін жауып қойды. Жүзінде аяушылық пен жанашу, әрі толқу бар. — Біздің кішкентай ауылдан шыққан тағы бір құрбандық, — деді Ардақ көзіне жас алып. — Қош, бейшара Демесін!.. — Иә, соғыс құрбандық таңдамайды, — деді Ормантай да даусы дірілдеп. Үшінші күні Демесіннің сүйегі қыр басындағы ескі қорымға жерленді. Оны жерлеген кезде ауылда бірде-бір тірі жан қалмай, бәрі мола басына жиналды. Сөйтіп, шағын ауылдың тыныштығын ойлап, сол ауылдың мазасын алған, сол ауылды жамандық атаулыдан қорғаймын деп аласұрған Демесін сол мақсат жолында мерт болды. Ел алдында парызымды өтедім деп ойлады ма, ойламады ма, кім білсін, әйтеуір, жан тапсырар алдында: «Соғысты өлтіріп болып үйленермін деп едім, мақсатыма жете алмадым… қайтейін, қош болыңдар» депті де, «атының тізгінін» босатыпты. Қияндағы қазақ ауылы
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39