емес. «Жауынгерлер, алға-а!» деп балаларды жеке-жеке қуып жүр. Ормантай басқа амалы таусылған соң, шанасында жатқан мылтығын алып, оған тура кезеніп тұра қалып еді, Демесін одан имену былай тұрсын, оның мылтығын тартып алғанда, әйелдер жағы зәре-құтылары қалмай шу ете түсті. — Ойбай, құртатын болды! — Шетімізден қырады, ойбай!.. — Мылтығынан қапылыста айырылған Ормантай не істерін білмей, далбалақтап оның соңынан жүгіре берді. «Демесін, ақылың бар ғой, мылтығымды өзіме бер!» — Жоқ, мылтық маған керек! Мен фашистерді атамын! – деп Демесін оның зәресін одан әрмен кетірді. — Қайдағы фашист! Олар өз адамдарымыз ғой. Жи есіңді! Осы кезде оның қарсы алдынан Ардақ шыға келіп, көлденең тұрып алды. Неден болса да тайынбайтын түрі бар. — Сталиннің атымен бұйырамын, тоқта! — деді ол әрі қорқынышты, әрі айбарлы үнмен. Бұл сәтті көзбен көрмеген адам сенбес еді. Жұрттың көз алдында таңғажайып оқиға болды. Демесін аласұрған қалпынан айырылып, қимылсыз тұрып қалды. Жұрт та тына қалған. Демесін бойын тіктеп, әскери адамдай сіресе қапты. Әлден соң қолын маңдайына апарып: — Құп болады! Бұйрығыңызға құлдық! Ең соңғы пашистің құлағанын хабарлауға рұқсат етіңіз, жолдас Сталин! — деді ол. — Демесін-ау, сенің айтып тұрғаның қайдағы фашист! — деді Ардақ өзіне-өзі келе алмай қалшылдап. — Сен өз адамымызды соққыға жықтың! Ол үшін жауап бересің! — Мен пашист үшін жауап бермеймін! Ешкім де жауап бермейді! Осы кезде сөзге Хадиша араласты: — Құдай-ау, айтып тұрғаның қайдағы фашист? Бұл маңда жау жоқ. Жау деп жүргенің менің балам — Мүтән! Сен оны жақсы көруші едің ғой. Мен оның анасымын, Хадишамын! Демесін ойланып қалды. Колхоз бастық Ормантай оның қасына кеп, иығына қолын салды. Бұл ауылда одан қаймықпайтын, онымен еркін сөйлесетін жалғыз адам — осы Ормантай. — Демесін, сен бұл мінезіңді қой, — деді ол баяу үнмен. — Жоқ жерден жау іздеп аласұрма. Бұл ауылда фашист жоқ. Олар анда, алыста. — Ол ауыл сыртына қарай қолын сілтеді. — Өткен жолы ұстап әкелген екі пашист ше? — Олар фашист емес, олар ел үстінен күн көргісі келген бейшара ұрылар ғой. — Олар да пашист! Бәрібір пашист! Демесін мылтықтың патронын алып, ұңғысын үрледі де, оны иығына асынып, кетуге ыңғайлана бастады. Оның кеткелі жатқанын көрген жұрт шу ете қалды. — Ойбай, мылтықты алып қалыңдар! — деді Мәнсия деген әйелдің жан даусы шығып. — Ім… м… Демесін-ау… менің… мылтығымды… беріп кетсең қалай болар екен… — деп Ормантай міңгірлеп еді, Демесін оған жалт қарады. — Мылтық менікі! Ол маған керек! Мен онымен пәшистерді атамын! Осыны айтты да, ол жүріп кетті. Жұрт терең бір күрсінді. — Япырым-ай, сен
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39