үнемделген болар еді. — Тоқтатыңдар дырду сөзді, — деді қашан да ашулы Ардақ. — Немене, «Демесінді жындыханаға жіберейік» дегенді мен бір жетіскендіктен айтып тұр дейсіңдер ме? Сендер мейірбансыңдар да, қара жүрек мен ғана екен ғой? Жалғыз мен үшін ештеңенің керегі жоқ. Мен сендердің қамдарыңды ойлап тұрмын. Ауылға ағайын-туыстар ат ізін салып араласудан қалды. Күздігүні анау тұрған ақсақал мен кемпірін есекке қоржын ғып байлап, ауыл сыртына айдап жіберген жерінен балалар тауып әкелмеп пе еді? — Сөйткен ол, сөйткен! Ол бізге жақсылық әкелмейді, — деп зәбір шеккен Әкімбек зарлап қоя берді. — Балалар тауып алмағанда өліп те қалатын ба едік, қайтер едік. Енді оның қолына мылтық түсті. Жыны келген күні бүкіл ауылды тып-типыл ғып қырып салатын шығар. — Қырмайды, — деді екінші бір шал қарсыласып. — Есекке қоржын ғып байлап жіберсе, өздеріңде де бір бәле бар. Бидай ұрламақ боп барғанда ұсталған көрінесіңдер ғой. — Немене, сен көріп тұрып па едің? — Мен көрмесем де, басқа көргендер бар. Әкімбек ашуға басты. — Сен маған жала жаптың ғой, ә? Жала жаптың ғой. Ой, пәдеріңе нәлет! — деп ол Кәкімбекке тұра ұмтылды. Екеуі жағаласып, жұрт у-шу боп кетті. — Тоқтатыңдар! Шал мен шал төбелесті деген не сұмдық! — деді Ормантай араға түсіп. Ол екі шалды екі жаққа бөліп жіберді. Жұрт шуылы басылып, екі шал тынышталды. — Ай, ақсақалдар-ай! Ана жақта ер-азаматтар қан төгіп жатыр. Біз мұнда бір-біріміздің жағамыздан алып жатырмыз. Қане тараңдар! Жұмыстарыңа барыңдар. Ал Демесін әзірге ешқайда да бармайды, — деп Ормантай нақты шешім айтты. Жұрт тарап, Ормантай мен Ардақ бір сәт оңаша қалған сәтте Ардақ зілді дауыспен: — Айтпады демеңіз, егер Демесіннің қолынан біреу-міреу мерт боп жүрсе, жауабын сіз бересіз, — деді оны сақтандыра сөйлеп. Сөйтті де, сөзінің жауабын күтпей сырт айналып жүре берді. — Берсек берерміз, — деді Ормантай күбірлеп. Оның бұл сөзі өзімен өзі сөйлескендей өзіне де әрең естілді. Ормантайға Ардақтың «әйел» деген ұғыммен қабыспас осы бір қатал мінезі ғана ұнамайды. «Сенде аяушылық жоқ, онсыз да қайғы жұтып жүрген жұртқа зіркілдей бермесеңші» деп, оған оңашада талай айтқан. Бірақ айтқаннан әлі ешқандай нәтиже шықпаған секілді. Осы кезде жақын маңдағы бір үйден «бауырымдап» жылаған дауыс естілді. Ормантай селт ете түсті. — Иә… тағы да бір азаматтан айырылдық, — деді ол күбірлеп. — Япыр-ау, мына дауыс қай үйден шығып жатыр? Жаңа ғана Демесін соққыға жыққан Мүтәннің үйі ғой… Байғұс Хадиша-ай!.. Жығылғанға жұдырық деген осы! Ол ауыр бір күрсініп алып, дауыс шыққан үйге қарай жүрді. Әйелдердің ортасында Хадиша жер тоқпақтап жылап отыр екен. Мүтән төрдегі
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39