ағаш төсекте әлі ыңырсып жатыр. Мұң шағар біреуді көргенде адам бойындағы қайғының үдей түсетін әдеті шығар. Ормантайды көргенде әйелдердің де даусы күшейе түсті. — Ореке-ау, өзіңізбен майданға бірге аттанған Әбсаматың қайда? Оны қайда тастап кеттің?!.. Бір азамат бір жапырақ қағаз боп оралды ғой, Ореке-ау!.. —Хадишаның зарын тыңдап тұру мүмкін емес еді. Ормантай: «Сабыр, Хадиша, сабыр. Мұндай қазаны жыламай қарсы алайық. Еркек тоқты құрбандық… Ер адам үйде туылып, түзде өледі. Амал қанша… Мықты бол!» — деген үйреншікті сөзден басқа еш нәрсе айта алмады. Әуелгі кезде қаралы хабар алған үй иесіне ол бар білгенін сарып қып жұбату айтатын. Бертін келе жұбату айту да жаттанды әдетке айналып, оған ешкім құлақ аспайтынды шығарды. Ормантай да оларды тоқтату үшін бұрынғыдай жанын салмайды, — Жұрт ішкі шерін шығарып болмай бәрібір тоқтамайды. Ол әйелдер тобына жақындап, жаймен ғана: — Маслопромға сүт жөнелтетін кез боп қалды. Хадишаны бүгін қозғамай-ақ қояйық. Қане, қайсысың барасың? — деді. «Мен барайын» деді Зейнеп. — Үйіңе барып қалың киін де аттан. Қайтеміз, жағдай солай. Азаматтар аман оралған соң үйден шықпай бір демаласыңдар. — Ормантай осыны айтып езу тартқан болып еді, онысы мүлде ерсі шықты. Зейнеп ләм деместен, жинала бастады. Орамалын тартып, күпәйкесінің белін буды. Оның маслопромға жүргелі тұрғанын білген Хадиша: — Күн батып кетсе сонда қона сал. Түнгі аяз жаман, —деді жылағанын қоя сап. Ол кезде жылап отырып сөйлеу үйреншікті әдет болатын. — Тоқта, андағыдан аяғың үсіп қалады ғой. Мә, менің байпағымды киіп ал. — Ол жалма-жан аяғындағы байпағын шешіп берді. Зейнеп әуелі оған, сонан соң Ормантайға таңдана қарап еді, Ормантай «ал» дегендей ым қақты. Зейнеп байпақты киіп, етігін Хадишаға тастады. «Тіршілік заңы қатал, оны тек көз жасымен жібіте алмайсың», Мұны кім айтты, Ормантай ма, Хадиша ма, әлде өзі ме? Зейнеп оны байқаған жоқ. Хадиша Зейнептің етігін киіп алды да, жоқтауын бағанағы келген жерінен жалғастырып кетті. — Қай жерде қалды екенсің, байғұсым. Қансырағанда қасыңда жанашырың болды ма екен, әлде жалғыз жатып жан тапсырдың ба?.. — Хадиша бұл сөздерді жоқтау ретінде айтты ма, әлде ішкі күйігін күбірлеп сыртқа ғана шығарды ма, бет-әлпетінде не қиналыс, не қайғы жоқ, бәлкім ол жылай отырып ендігі қалған тіршіліктің бос екенін, мағынасыз екенін ойлап кеткен шығар? — Болды, болды, Хадиша. Адамның сай-сүйегін сырқыратпашы. Бүгін жұмысқа шықпай-ақ қой, — деді Ардақ оның басын сүйеп. — Үйде жалғыз қалып не істеймін, не де болса көппен бірге болармын. Әйтпесе, қайғыдан өртеніп кетемін ғой, — деді ол басқа әйелдерді одан бетер күйретіп. Зейнеп үйден шыға бергенде есік алдында состиып тұрған Демесінді көріп селк
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39