ете түсті. — Астапр… Қайнаға… сіз бе? Үйге кірмей неге состиып тұрсыз? Демесін жауап қатпады. — Мен… өтіп кетейінші… — Неге жылап жатырсыңдар? — деп Демесін гүж ете түсті. — Хадишаның күйеуінен қара қағаз келіп… — Мүтән ше? Мүтән жылап жатыр ма? — Иә, иә. Ол байғұстың жылауға да шамасы жоқ… Бағанағы «ойыннан» кейін… — «Сіз соққаннан кейін» деп айтуға батылы бармады. — Алпыс төрт — қырық бес. Алпыс төрт — қырық бес! Сендердің әруақтарың үшін! Демесін кенет мылтығын жұлып алып, аспанға атып-атып қалғанда Зейнеп қорыққанынан етпетінен құлап, басын алақанымен көлегейледі. Ол тұрамын дегенше Демесін бұрылып алып өз жөніне жүре берді. Мылтық дауысын естіп іштен адамдар жүгіріп шығып, құлап жатқан Зейнепті сүйемелдеп тұрғызды. — Байғұс-ау, амансың ба, әйтеуір? — Білмейм, — деді Зейнеп те басын сипап көріп. —Аман сияқтымын… Жындымысың деген, алпыс төрт, қырық бес дегені несі? — Өйтпесе ол жынды бола ма? Аузына не келді, соны айтты. Ал жолыңнан қалма. Балаларыңа мен бас-көз бола тұрармын. — Айтпақшы… Егер сен ұрыспасаң… — Доғар! Күйеуімнен хат бар ма демексің ғой. Хат сұрауға тыйым салынған. Сұрауға болмайды! — Басқа не амал бар. Жұрттың бәрі сен секілді дәті берік емес. Шыдамымыз жетпейді, — Зейнеп күмілжіп төмен қарап еді, енді кешіксе оның жылағалы тұрғанын сезіп, Ардақ әрі қатал, әрі жұмсақ үнмен: — Болды! Хат болса өзім беремін ғой, — деді оның иығынан болар-болмас құшақтап. Зейнеп ат жегілген, үстінде бес-алты фляг сүті бар шанаға отырып жүріп кетті. * * * Колхоздың мақта пункті ұзыннан-ұзақ салынған ақыреттей суық там еді. Бұл әу баста мал қора үшін салынған, кейіннен, оған қамайтын мал азайған соң мақта пунктіне айналдырылды. Оның бір жақ шетінде — көсек, әлі ашылып үлгермей, қар астында қалып қойған қоза түйнектері жатыр. Пункт ішінде адамдар көп. Негізінен әйелдер, балалар мен қаусаған кәрі шалдар. Олар алдарына көсектерді үйіп-үйіп алып, көсек ішіндегі мақталарды бір жаққа, қауашағын бір жаққа тастап жүр. Балалар мен шалдар жағы көсек аршып отырған әйелдерге қаппен көсек тасып, аршылған мақталарды алып кетіп жатыр. Перизат — маслопромға сүт алып кеткен Зейнептің қызы. Ол жетінші класта. Үйдегі төрт жасар інісіне тамақ беріп, ұйықтатып келіп отыр. Сол кездегі барлық балалар секілді оның кішкене інісі жылау дегенді білмейді, өйткені, жылағанмен, қасына жан адамның жоламайтынын жақсы біледі, оны іштен біліп туған. Жадау көрініс, қамкөңіл адамдар, жарымжан көңілдер. Олардың қақ ортасында Ардақ жүр. Сырттан ұлыған боран үні естіледі. Көсек аршып отырған Хадиша өзімен-өзі сөйлескендей «мына боран аш қасқырдай ұлып тұрып алды ғой. Басылатын күні болар ма екен, сірә? » — деп
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39