ТЫНЫШТЫҚ КҮЗЕТШІСІ

еді, оны Мәнсия іліп әкетті: — Япырым-ай десеңші, соғыс басталмай тұрған кезде қыс та қоңыржай болушы еді. Қардың қалай түсіп, көктемнің қалай шыққанын байқамай қалатын едік. Ел шыдамын сынағысы келгендей соғыспен қабаттасып қыс та ерте түсіп, кеш шығатын боп алды ғой, — деп тағдырға ғана емес, табиғаттың өзіне деген өкпесін айтып шыға келді. — Соны айтсаңызшы. Баяғыда қар астында мақта қалмайтын сияқты емес пе еді? — деп қостады оны Хадиша. — Қыс ішінде көсек аршу да соғыспен қатар басталды ғой. — Е-е, азаматтар бар кезде қиындық деген байқалмайтын да шығар. Әй, қатындар! — деді Шәмсия кенет сергіп. — Тым тұнжырап, еңсені түсіріп жібердіңдер ғой. Тұнжырасаң тұңғиыққа бата бересің. Қане ән салайық. Перизат қайда жүрсің, қане, сен айта қойшы. — Дұрыс! Әнеукүні мектепте айтқан әніңді тағы бір шырқашы. — Ардаққа қарамай-ақ қой, бір адам ән салса, жұмыс әдірә қалмас, — деп әйелдер жан-жақтан анталап шыға келді. — Немене, орнынан тұрмаса даусы шықпай ма? Жұмысын тоқтатпай, отырып-ақ айта берсін! — деді Ардақ баяғы әмірлі дауыспен. — Ән айтудың оңайы-ай! — деп Хадиша араға түсті. —Тұра ғой, Перизат. Перизат жасқана басып ортаға шықты да, балаң дауыспен «Күләнда» әнін бастады. Көк ала үйрек жүзеді көл бетінде, Жақсылардың мейірімі келбетінде. Тел қозыдай тең өскен қайран көкем, Есен-аман жүрмісің жер бетінде. Беу, Күләнда-ай, Кім салды екен бұл әнді-ай, Еске түссе аңсаймын. Отырған жерден-ай тұра алмай. Беу, Күләнда-ай, Жатсам ұйқым келмейді Тірі де ме екен-ау жалғанда-ай… Перизат әнін бітіріп, орнына қайта отырған кезде әйелдер жағы көздерін сүртіп, мұрындарын тартып шыға келді. Ол кездегі жұрт жақсы ән айтылса да жылайтын. Бірақ бұл Ардаққа ұнамады. — Не көрінді мұрындарыңды тартып? Тоқтатыңдар! Тоқтатыңдар деймін сендерге! Өңшең боркемік жылауықтар! — деп кіжінді Ардақ. Оның тым ашулы екенін сезген әйелдер мұрындарын тартуын кілт қойды. — Бұл жерде екінші ән айтушы болмаңдар! Түсінікті ме? Жұрт сілтідей тынды. — Ән айтпасақ көңілімізді қайтіп жұбатамыз енді? — деп үнсіздікті Мәнсия бұзып көріп еді, Ардақ оған бас салды. — Қалай жұбатсаңдар олай жұбатыңдар, онда менің шаруам жоқ! Ал ән айтуға бұдан былай тыйым саламын! Әйелдер жағы наразылық білдіріп гуілдей бастаған шақта, сөзге Хадиша араласты. — Сонда не дейсің бізге? — деді ол зілсіз байсалды үнмен. — Кеше күйеуімнен қара қағаз келді, соққыға жығылып балам жатыр әлі есін жия алмай. Мұнда келсек ән айтпа деп сен зіркілдейсің. Қайда барып күн көреміз, қайда-а?.. Не деген бітпейтін қыс, не деген бітпейтін соғыс бұл? Қызыл әскерлер жауды қуып бара жатыр дейді. — Ол сабырынан айырылып, даусының қатая бастағанын байқамай қалды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39