АҚ ТҮНДЕР Сентиментальды роман (Қиялшылдың естелігінен) Федор Достоевский

байыпты заманымыздан мүлдем өзгеше, көз көріп, құлақ естімеген жеті қат жер астындағы патшалықтың тіршілігіне ұқсас тіршілік бар. Міне, тап осы өмір әлдеқалай бір тап-таза қиялдың, лаулаған арманды-ойдың, сонымен бірге (амал не, Настенька) көмескі көрініс пен күнделікті күйбің тіршіліктің, жасыратыны жоқ: айтса нанғысыз арамдықтың, пасықтықтың қосындысы. –Ту! Жаратушы құдайым-ай! Неткен алғысөз бұл! Не айтқалы келесіз өзіңіз! –Қазір естисіз, Настенька (сірә, мен сізді Настенька деуден ешуақытта жалықпайтын шығармын), қазір естисіз. Ол түкпірлерді айрықша адамдар– қиялшылдар мекендейді. Қиялшыл деген –егер оны дәл анықтайтын болсақ –адам емес, біле білсеңіз, не оған, не бұған жатпайтын екі ортада жаралған жан. Ол тіпті күндізгі сәуледен де қашқақтағандай, көбіне көп қаланың тыныш бір бұрышын мекен етеді, ал өз үйіне жетті дегенше-ақ болды, жүзім ұлуындай сүйікті түкпірімен біте қайнасып жүре береді, осы жағынан алып қарағанда оның өмірі тасбақаның тіршілігіне мейлінше ұқсар еді. Қалай ойлайсыз, неліктен ол міндетті түрде көк сырмен бояп қойған, әбден кір басып, адам төзбестей темекі түтінімен ысталған еңсеңді басатын көңілсіз үйінің төрт қабырғасын соншалықты өлердей сүйеді? Некен саяқ таныстарының бірі келе қалса неліктен ол жаңа ғана қылмыс жасап біткендей немесе жалған қағаздар жасап жатқандай, немесе нағыз ақынның өзі қайтыс болған соң артында қалған дүниелігін жариялауды өзіне парыз санап, әлдеқалай бір журналға аты-жөні көрсетілмеген үшбу хат дайындап біткендей оларды жақтырмаған кейіп көрсетіп, жүзі сұрланып, сасқалақтап қалады? Түсіндіріңізші, Настенька, неліктен екеуінің әңгімесі сол бойы жараспай кете барады. Ойда жоқта кіріп келген кісі мен томсырая қалған танысының көмейінен өздері ұнататын әзіл-күлкі, өткір сөз, тамаша табиғат пен көңілді жәйттер жайлы не себепті бірде-бір сөз шықпай қалды? Ең соңында, жақында ғана таныс болған бұл кісі алғаш келген сәтінде (өйткені ол енді қайтып бұл жерге келе қоймас) неліктен барлық тапқырлығын танытпақ болғандай (егер мұндай қасиет онда бола қалса) соншалықты шіреніп, томсырая қалып, ғайыптан-тайып адасып келе қалған қонағының көңілін табу ниетімен өз дүние танымы, табиғаттың тамаша көріністері жайлы әңгіме тиегін ағытып, енді қайтып келмейтін танысына тым құрыса елгезектігімен ұнауды ойлап, сасқалақтап, әбіржіп қалған үй иесінің жүзіне сынай қарап қалған? Сонан соң, ниліктен ол қайта айналып соқпайтын аса маңызды бір тірлігін кенет еске алып, шляпасын ала-мала, жіберген қателігін жуып-шаюға тырысып, өкініш білдіріп тұрған үй иесінің ыстық алақанынан өз қолын әрең дегенде босатып, үйден тез-тез шығып барады? Кетіп бара жатқан кісі неліктен қарқылдай күліп, есіктен шыға бере мынадай әпенденің үйіне енді қайтып келмеске өзіне-өзі сөз береді? Ал, шындығында ол аса бір сүйкімді кісі еді ғой, бірақ, сөйте тұра әлгі өзі сөйлескен кісісін қиялының алыс бір түкпірінде балалардың әбден азаптап, умаждаған, бұрынғы татулықтарын опасыздықпен ұмытып рәсуә

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41