еткен, сонан соң әрең дегенде қараңғы стол астына қашып тығылып, сол тыныш жерде бір сағат бойы пысқырынып, үсті-басын алдыңғы екі аяғымен тынымсыз жалап, бұдан соң да көпке дейін өмір мен құбылысқа, тіпті, бейнетпен табылған қожасының асынан тиген үлеске де, бәрі-бәріне жиіркене қараған байғұс мысыққа теңеуден қаша қоймас еді. –Тоқтаңызшы,–деп маналы бері мені таңданып, аузын аша тыңдап тұрған Настенька сөзімді бөліп жіберді, – тоқтай тұрыңызшы: бұл оқиға олардың арасында неден туды және мұндай кісі күлерлік ерсі сұрақтарды маған неге қойып отырсыз, түсінсем бұйырмасын, егер мен бірдеңе сезетін болсам, онда, осы оқиғалардың бәрі де сіздің басыңыздан, сөз жоқ сіздің басыңыздан өткен. –Дау жоқ, – дедім мен аса салмақты кейпін сақтап. –Онда, дау жоқ екені рас болса, сөзіңізді жалғастыра беріңіз, –деп жауап қатты Настенька, – өйткені бәрінің немен аяқталғанын білгенше асығып тұрмын. –Настенька, біздің геройдың, дұрысын айтқанда менің, өйткені бүкіл әңгіменің қаһарманы – өзіммін ғой, өз түкпірінде не тындырып, не бітіріп жүргенін; танысым ойда жоқта кіріп келгенде менің неліктен күні бойы дегбірім қашып, сабырдан айрылғанымды білгіңіз келеді ғой? Есікті ашып қалған сәтте неліктен селт етіп, қызарып сала бергенімді, не себепті қонағымды жөндеп қарсы ала алмай, соның зардабынан ұяттан жер болғанымды да естігіңіз келер? –Иә, әрине, әрине!–деп жауап берді Настенька, –мәселе сонда ғой. Тыңдаңызшы: сіз сондай ғажап сөйлейсіз, бірақ, осының бәрін сұлу сөйлемсіз айтуға болмай ма? Әйтпесе, сөзіңіздің бәрі кітап сөзінен аумайды. –Настенька! –деп жауап бердім күлкі қысса да асқақ, қатал үнмен, – сүйікті Настенька, өзімнің әсіре қызыл сұлу сөйлеп тұрғанымды жақсы білемін, бірақ – айыптымын, басқаша сөйлеу қолымнан келмейді. Енді бар ғой, сүйікті Настенька, мен мың жыл бойы жеті құлыппен жабылып, ақыры жетеуі де ашылып, бостандық алған Соломан патшаның әруағы сияқтымын. Енді, сүйікті Настенька, осындай ұзақ айырылысудан соң қайта табысып тұрған сәтімде – өйткені, Настенька, мен сізді көптен білемін, өйткені мен көптен бері біреуді іздеудемін, ал бұл сізді іздегенімнің белгісі, оның үстіне тағдыр екеумізді бүгін қосып тұр ғой, – кеудеме сөз симай барады, мен бәрінің тоғанын ағытып, сөз дегенді өзендей тасытуым керек, әйтпесе, жарылып өлемін. Сонымен, Настенька, сөзімді бұзбай, қимылсыз, үнсіз тыңдауыңызды өтінемін, немесе – сөйлемей қоярым анық. –Жо-жо-жо! Ешқашан да! Айта беріңіз! Енді ләм деп аузымды ашпаймын. Ары қарай айтайын: менің күндерімнің ішінде, достым Настенька, өзім өлердей жақсы көретін бір сағатым бар. Ол барлық жұмыс, барлық қызмет пен міндет атаулы түгелдей дерлік бітіп, жұрттың бәрі ас ішіп, демалу үшін үйлеріне қарай асығып бара жатып, жол-жөнекей әдемі кештер мен арайлы түндер жайлы, басқа да толып жатқан бос уақыттарындағы оқиға жөнінде күлкілі әңгіме шертіп,
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41