АҚ ТҮНДЕР Сентиментальды роман (Қиялшылдың естелігінен) Федор Достоевский

көңілді бара жатқан кезіндегі сағаттар. Осы кезде біздің геройымыз да, – Настенька, сіз маған бұдан былай үшінші жақта сөйлеуіме рұқсат етіңіз, өйткені, бірінші жақта баяндау сұмдық ыңғайсыз, – сөйтіп, осы кезде біздің геройымыз да солардың соңынан жүріп бара жатады. Бірақ оның әбіржуі боп-боз жүзінде айрықша бір ризашылық сезімі ойнайды. Ол Петербургтің суық аспанында бірте-бірте сөніп бара жатқан кешкі сәуледен көз алар емес. Көз алар емес деп мен жалған айтып келемін: ол оған қарамайды, шаршап-шалдыққандай, немесе, бұдан да гөрі маңыздырақ мәселе жайлы толғанып келе жатқандай өзін қоршаған дүниеге еріксізден бір қарап, көз алдындағы көрініске ешқандай да мән бермей келеді. Ол күйкі тіршілікті ертеңге дейін бітіргеніне риза, ол кластан шығып, сүйікті ойынына бет алған мектеп оқушысындай қуанышты. Настенька, оған бір қырынан қарап көріңізші: сол сәтте сіз қуаныш сезімі оның дірмәнсіз, әлсіз жүйкесіне өзін аурудай мендеп, алас ұрған қиялына қаншалықты әсер еткенін көрер едіңіз. Міне, ол әлдене жайлы ойлана қалды… сіз тамақ жайлы, бүгінгі кеш жайлы шығар деп тұрсыз ба? Ол соншалықты қайда қадала қалған? Желаяқ ат жегіп, ауылдың жанынан өтіп бара жатқан әсем күймелі әйелге, суреттегідей иіле сәлем беріп тұрған әне бір келісті мырзаға ма? Жоқ, Настенька, мұндай ұсақ-түйекті ол қазыр неғылсын! Тап қазір оның жан-дүниесі өзінің ерекше өмірімен, қимылымен асып-тасып келеді. Кенет оның төрт құбылысы түгелденіп шыға келді де, сөніп бара жатқан күннің соңғы рет бір жалт етуі ыстық жүргендегі сезім тасқындарын үдете түсті. Бұрын әрбір бұдырын назарынан тыс қалдырмайтын үлкен жолдың өзін де ол әрең-әрең байқап келеді. Енді «Қиял құдай анасы» (егер сіз Жуковскийді оқыған болсаңыз, сүйікті Настенька) өзінің алтын шығырын әлуетті қолымен қозғап, оның алдынан ешқашан болып көрмеген, ғажайып өмір суреттерін жайып салды,– кім біледі, сол әлуетті қол оны өзі жүріп келе жатқан теп-тегіс тас тротуардан алып ұшып, мөлдір аспанның сонау жетінші қабатына апарып тастаған шығар. Оны тоқтатып алып: қайда тұрсың, қай көшемен жүріп өттің?– деп сұрап көріңізші, – қайдан, қай көшемен жүргенін де, қай жерде тұрғанын да есіне түсіре алмай, қысылғаннан жай ғана қызарып, сыпайылық сақтау үшін әлдене деп жауап бере салар еді. Сондықтан да ол жолдан адасып кеткен инабатты бір кемпірдің тротуардың қақ ортасында өзін тоқтатып жөн сұраған сәтінде селт ете түскені соншалық, айғайлап жібере жаздап, жан-жағына үрейлене қарады. Ол тоқтар емес, талай өткіншінің өзіне қарап езу тартқанын, соңынан әлдене деп сөйлегенін, тіпті кішкене бір қыз баланың жасқана жол беріп, оның қолдарының қимылына, екі езуі құлағына жетердей күлкісіне аңтарыла қарап, сықылықтай күлгенін де байқамай, қабағын түйіп алған бойы ентелей жүріп барады. әйтсе де, сол бір қиял лебі

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41