АҚ ТҮНДЕР Сентиментальды роман (Қиялшылдың естелігінен) Федор Достоевский

кемпірді де, елең еткіш өткіншілерді де, сықылықтап тұрған қыз бала мен фонтанкаға көпір ете қойылған бөшкелерінің үстіне біржола жайғасып, осы жерде түнейтін мұжықтарды да (дәл қазір біздің геройымыз соның үстімен өтіп бара жатыр делік) іліп алып, бәрін әзіл-күлкіге бөлеп өте шықты, ал жұртқа күлкі болған әумесер өзінің ұядай үйіне кіріп, тамаққа отырып та үлгерді, кешкі асты әлдеқашан ішіп болып, қашан көрсең де тұнжырап, мұңға шомып жүретін қызметші Матрена стол үстін жинап, оған трубка әкелгенде ғана ол есін жиды. Бөлме ішін қараңғылық басқан, оның жаны құлазып, көңіліне мұң үймеледі, айналасындағы қиял атаулының бүтін бір патшалығы қирап барады, із-түзсіз, шу да жоқ, тықыр да жоқ, ың-жыңсыз көрген түстей қирады да бітті. Бірақ жайлап қана көңіліңді ұйытып кеудесін дүрсілдеткен белгісіз бір күңгірт сезім, белгісіз бір жаңа тілек оның қиялын қоярда қоймай түрткілеп, қытықтап, жаңа елестердің пердесін бірте-бірте аша түседі. Кішкентай бөлмені тыныштық билеген; жалғыздық пен енжарлық қиял атаулыны ұштай түседі ас үйде ісі өнбей күйбеңдеп жүрген кәрі Матренаның шәйнегіндегі судай ол да әуелі ақырын ғана ысылдап, ақырын ғана қайнай бастады. Міне, ол да біртіндеп ұшқын ата бастады, міне ол мәнсіз, мақсатсыз қолына кітап алды, әне, үшінші бетіне жетпей жатып-ақ қиялшылымның қолынан түсіп те кетті. Оның қиялы қайтадан бас көтеріп, қайта буырқанды да, алдынан болашағы ғажайып жаңа дүние, жаңа өмір, жаңа тіршілік пайда болды. Жаңа түс – жаңа бақыт! Тәтті умен жаңаша улану! О, біздің шындық өмірімізден ол не таппақ? Оның көзімен қарағанда, Настенька, сіз бен біз екеуміз соншалықты енжар, самарқау өмір сүреміз; оның көзімен қарағанда біздің бәріміз де тағдырымызға мейлінше наразымыз, өз өмірімізден әбден ығыр боп, жалығып біткенбіз! Рас емес пе, қараңызшы, ә дегенде біздің ара қатынасымыздағының бәрі де жүз шайысып қалғандай салқын қыңыр сияқты ғой… «Бейшаралар-ай!» деп бас шайқайды менің қиялшылым. Ойласа ойлағандай-ақ! Мына бір соншалықты әсем, соншалықты құдіретті, соншалықты ұшан-теңіз сиқырлы көрініске қараңызшы, ол көрініс менің қиялшылымның маңдай алдында кең көсіліп жатыр, сол картинаның бірінші планында, өзінің даңғыл жолымен оның өзі, біздің қиялшылымыз кетіп барады. Қараңызшы, қаншалықты әр қилы оқиға, қаншалықты шетсіз де шексіз сұлу көрініс. Бәлкім сіз, ол не жайлы қиялдап барады деп сұрарсыз? Оны сұрап жатудың керегі қанша? Бәрі жайлы… ақынның ақындығы жайлы, алғашында танылмаған, соңынан аты жайылған ақын жайлы, Гофманмен достық жайлы, Варфоломеевск қызы, Диана, Вернон, Иван Васильевичтің Қазанды алғандағы қаһармандығы, Клара Мовбрай, Евфия Денс, Прелаттар сарайы мен оның алдындағы Гус, Роберттегі өлгендердің көтерілісі ( музыкасы есіңізде ме? Моланың иісі шығады!). Минна мен Бренда, Березин тұсындағы шайқас, графиния В.Д-ның үйінде поэма оқылған кез, Дантон, Клеопатра (Клеопатра және оның

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41