АҚ ТҮНДЕР Сентиментальды роман (Қиялшылдың естелігінен) Федор Достоевский

көңілдестері), Коломнадағы кішкене үй, өз шаңырағы жайлы, аузы аңқиып, көзін кең ашып, мені тыңдап тұрған мына сіз секілді қысқы кештерде бізді тыңдайтын үй жанындағы әдемі мүсін, бәрі-бәрі жайлы қиялдап барады, сүйікті менің періштем… Жоқ, Настенька, біз екеуміз соншалықты армандап тұрған өмірді ол неғылсын, қайтсін оны? Ол мына түкке тұрмайтын, бейшара өмірдің әйтеуір бір кезде өзіне де байқалмай қайғылы сағатты соғатынын, өзінің бүкіл қиялға толы жылдары сол күйкі өмірдің бірақ күнінде жоқ болатынын және оны не қуанышқа, не бақытқа айырбастай алмайтынын, сол бір шерлі сағатта, өкініш пен орны толмас қайғылы сәтінде ақтық қалауын айта да алмай қалатындығы жайлы ойлап барады. Бірақ әзірше ондай уақыт, ондай қаһарлы сәт төнген жоқ, –оның көңілі ештеңені де қаламайды, өйткені барлық тілек атаулыдан өзі жоғары, бәрі түгел, өйткені оның көңілі тасулы, өйткені ол өз өмірінің суретшісі және ол өмірді әрбір сағат сайын өз еркінше жасай алады. Және де мұндай фантастикалық ғажайып дүниені жасау мүлдем оңай ғой! Оның бәрі де елес емес, нағыз шындықтың дәл өзі секілді. Шынымды айтайын, кейбір сәттерде осы өмірдің бәрі сағым да емес, алдамшы қиял да емес, сезімнің ерекше толқуынан да емес, өмірдің дәл өзі, өзіміз көріп жүрген шындық екеніне иланғың келеді! Айтыңызшы, Настенька, айтыңызшы, неліктен осындай минуттарда адам жаны алас ұрады? Неліктен ерекше бір сиқыр билеп, белгісіз бір құдіретті күштің әсерінен қиялшылдың қан тамырлары жиі соғып, көзінен жас парлайды, неліктен оның боп-боз, сұрланған жүзі оттай жанып, тұла бойын қуаныш тасқыны билеп барады? Неліктен оның ұйқысыз түндері қас қағым сәттей сарқылмас шаттық пен бақыт құшағында өте шығады да, таң шапағы жарқ етіп, қызғылт нұр терезеге түсіп, біздің Петербургтегідей бозалаң сәуле жабырқаңқы бөлмеге болмашы жарығын шашқанда, әбден қалжыраған, әбіржіген қиялшылымыз төсегіне қойып кетіп, өз жан дүниесінің қинала күйзелгеніне масаттанғандай, жүректі кернеген тәтті бір уайым құшағында тына қалып, сол бойы ұйықтап кетеді? Иә, Настенька, әуелде алданасың, сөйтесің де, сырттай ойлай келіп, оның жанын нағыз, шынайы ынтызарлық билеп алғанына иланасың, шексіз қиялыңда толғаныс, көрегендік бар екендігіне еріксіз нанасың. Алданғанының түрі қандай десеңші –міне, мәселен, оның кеудесіне таусылмас қуанышымен, бүкіл азап-сергелдеңімен махаббат кеп ұялады… оның жүзіне бір көз тастап көріңізші, сонда бәрін де біле қоясыз! Сүйікті Настенька, оған қарап тұрып, буырқанған қиялындағы өзі өлердей сүйетін әйелді оның бірде-бір рет көрмегенін білесіз бе? Сонда, шынымен ол өзі сүйген әйелді тек еліктіріп әкетер елестен ғана кездестіріп, мұндай ынтызарлықты түсінде ғана көргені ме? Шынымен олар бір рет те болса екеуден-екеу, оңаша, бүкіл дүниені естен шығарып, әрқайсысы өз өмірін бір-біріне бағыштап, бар ғұмырын бір-біріне тапсырып, қол ұстасып жүрмегені ме? Шынымен-ақ уақыт

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41