АҚ ТҮНДЕР Сентиментальды роман (Қиялшылдың естелігінен) Федор Достоевский

да күйреуік, керексіз өмір; түсімде емес, өңімде, сіздің қасыңызда ерекше бақытты болғаннан кейін не туралы қиялдамақпын! О, ә дегеннен бетімді қайтарып тастамағаныңыз үшін, өз ғұмырымда тым болмаса екі кеш нағыз өмір сүрдім деп айта алатын болғаным үшін сізге шексіз ризамын! –О, жо-жоқ!–деп Настенька дауыстап жіберді, көзінде төңіректеген жас жалт ете түсті. –Жоқ, енді бұлай болмайды, біз бұлайша айрылысып кете алмаймыз! Екі кеш деген не тәйірі ол! –Ох, Настенька, Настенька! Мені өз-өзіммен татуластырып кеткеніңізді білесіз бе? Мен енді бұрынғыдай өзіме-өзім жамандық ойламайтын болғанымды түсінесіз бе? Бәлкім, бұдан былай өмірімде жасаған қылмысым мен күнәмді ойлап жабырқамаспын, өйткені, мұндай өмір дегеннің өзі қылмыс пен күнә емес пе? Құдай үшін, Настенька, әлдеқалай жайларды тым асыра айтып жіберді екен деп ойлай көрмеңіз, себебі, кей сәттерде мені белгісіз бір сағыныш билеп ала жөнеледі… Өйткені осындай сәттерде мен кәдімгі адамдарша нағыз өмір сүруді бастай алмайтындай, нағыз, шындық өмірден мүлде қол үзіп кеткендей, өзімді одан тыс қалғандай сезінемін; өйткені мен өзіме-өзім лағнат айттым, өйткені менің қиялға толы түндерімнен соң есімді жиып, ақылым орнына түсетін сұмдық азапты минуттарым оралады! Сол екі арада өмір аласапыранындағы адамдар легінің айналаңда улап-шулап, азан-қазан боп жатқанын естисің, олардың қалай өмір сүріп жатқанын көресің де білесің, кәдімгі тіршілік, бәрі көз алдында; олар үшін өмір бір жақтан тілеп алынбағанын, өмір оларға түс, елес сияқты бұлыңғыр емес, мәңгі жас екенін, дәйім жаңғырып, жаңарып тұратынын, бір сағаты екінші сағатына ұқсамайтындығын, жасқаншақ ой-қиялдың соншалықты біркелкі, пасықтығын, жабырқаңқылығын, көлеңке мен идеяның құлы екендігін білесің. Ал мұң бар жерде қиял қайдан болсын! Сол сарқылмас фантазияның ақыры бір күні шексіз ауыр ойдан қалжырап, таусыла бастайтынын сезесің, өйткені сен бұрынғы арман-мақсаттарыңның нәтижесінде есейесің, бар қажетіңді содан аласың да, олар тозып шаңға айналады, яки болмаса быт-шыты шығып сынады, егер басқаша жалғастыратын өмірің жоқ екен, ендеше, тіршілікті сол сынықтардан құрастыруға тура келеді. Сөйте тұра көңілі алаңдап, басқа бір нәрсеге талпынады! Ал қиялшыл болса өзінің тозған ойларын қоқырсық ақтарғандай бостан-босқа қазбалап, одан әлдеқандай бір қалдық тауып алғысы, сөйтіп, оны үрлей түсіп, суыған жүрегіңдегі бұрын өзі соншалықты ыстық, соншалықты қасиет тұтып, көзіне жас, көңіліне қуаныш құйған, сөйте тұра жер соқтырып кеткен нәрсесін жылытып, қайта тірілтпек болады! Настенька, менің қайда барып тірелгенімді білесіз бе? Мен өз сезімдерімнің, осыған дейін соншалықты қымбат, соншалықты сүйкімді боп келген, бірақ, ешқашан басымнан кешірмеген сезімдерімнің бір жылдығын тойлағалы тұрмын, енді ол тойымды да сол бір есуас, шексіз қиялмен қарсы алмақпын, солай етемін де, өйткені, қазір сол есуас қиялдардың өзі де таусылып барады, кейін қанша сыққаныңмен таппайсың: ойбай-ау, қиял деген де сарқылады ғой: Білесіз

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41