сияқтанады. Немесе: «Ден саулығыңыз қалай? Ал мені ертең жөндейді», я болмаса: «Өртеніп кете жаздап әрең аман қалдым, сондағы қорыққанымды айтсаң» дейтіндей көрінеді. Олардың арасында маған мейлінше ыстық көрінетіндері де, тек көз таныстары да бар; бірі осы жазда сәулетшінің қолынан емделуге ниет етіп жүр. Құдай сақтай гөр, емдеймін деп ебіл-дебілін шығармаса қайтсін, күн сайын әдейі бір барып тұрармын-ау! Әйтсе де, ашық-қызғылт түсті, әсем бір үйдің басынан кешірген оқиғасын әсте ұмытпаспын. Өзі бір тастан соғылған сүп-сүйкімді кішкене үй еді, маған мейірлене қарап жан-жағындағы келіссіз көршілерінен өзін асқақ ұстап тұрғанын көріп қасынан өткен сайын жүрегімді қуаныш кернеп ала жөнелетін. Өткен аптада өз танысымның жанындағы көшемен жүріп бара жатып оған қарай қойып ем, «мені бояп жатыр, сары бояумен бояп жатыр!» деп шағына жалбарынған үнін естідім. Жауыздар, мейрімсіздер өңшең! Олар ештеңені де аямапты: бағаналарға да, карниздерге де жаны ашымаған, сөйтіп, менің досым үйітілген бастай сап-сары боп шыға келді. Өтім аузыма құйылып, өзегім өртенгендей болды, содан бері аспан астындағы әмірші үйінің түріне сәйкес боялып, бар көркінен жұрдай болған бейшара досыммен кездесуге батылым жетпей қойды. Сөйтіп, менің бүкіл Петербургпен қалай таныс екенімді, оқушым, түсі- ніп отырған боларсыз. Анық-қанығына көз жеткізгенімше өзімді үш күн бойы билеп алған белгісіз бір мазасыздық жайлы әлгінде айтып өттім. Не түзде не үйде береке жоқ (анау жетпейді, мынау жоқ, әне бір зат қайда құрыған дегендей), өзімді өзім билей алатын емеспін. Осы маған не жетпей жүр? Өз үйім, өлең төсегім неге жат боп кетті?— екі кеш бойы бар бітіргенім осы боп, қаңырап тұрған көкшіл қабырғаларға, Матренаның өрмекшілерді әбден еркіне жіберіп, айқұш-ұйқыш ұя салып тастаған үй төбесіне, әрбір мебелім мен орындықтарға (себебі егер бір орындық кешегі тұрған орнында болмай шықса бар ғой, әбден берекем қашады) бар бәле осыларда емес пе екен деп күдіктене қарап шыққаныммен, тіпті, терезеден сыртқа кез тастағаныммен бос әурешілік боп шықты, бәрібір одан жаным байыз таба алмады! Сол сәтте Матренаны шақырып ап өрмекші ұясын қаптатып жібергендігі үшіи және өзінің жалпы шектен тыс салақтығын айтып жер-жебіріне жете ұрысқан болдым; бірақ ол маған таңдана қарап, ләм деп жауап қатпаған бойы кері шығып кете барды, өрмекші ұясының күні бүгінге дейін мұрты бұзылмай салбырап тұрысы анау. Ақыры, істің мәні неде екенін бүгін ғана тапқандай болдым. Ойбай-ау, олардың бәрі де дачаларына жөңкіп барады екен ғой! Ыңғайсыз айтылған сөзімді ғафу етіңіз, мен байғұста сұлу сөйлеп жататын шама бар ма… Өйткені Петербургте не бар, соның бәрі түгел дачаға көшіп тынды немесе жолда бара жатыр ғой; өйткені, сыртынан сындарлы боп көрінетін әрбір көшір жалдаған құрметті мырза күні бойғы еңсе басқан
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41