ақыл-кеңесімізді аяп қалмас ек! Ал, сүйікті менің Настенькам, сізге қандай ақыл-кеңес керек? Маған қысылмай тура айтыңыз; мен қазір сондай көңілді, сондай бақытты, сондай ақылды да парасаттымын, сөзден қысылар жайым жоқ. –Жоқ, жоқ! –Настенька сөзімді күлкімен бөліп жіберді. – маған жалғыз ғана ақылдың керегі жоқ, маған өзіңізді ғұмыр бойы сүйіп өтетіндей шын көңілден, шын жүректен шыққан кеңесіңіз керек! –Болсын, Настенька, дегенің болсын! – деп қуаныштан дауыстап жібердім, – егер жиырма жыл бойы сізді сүйіп келген болсам, бәрібір дәл қазіргідей сізге ғашық бола алмас ем! –Қолыңызды беріңіз! –деді Настенька. –Міне қолым! –Сонымен, енді менің тарихымды бастайық! НАСТЕНЬКАНЫҢ ТАРИХЫ — Тарихымның жартысы сізге аян, яғни, сіз менің кәрі әжемнің бар екенін білесіз… — Егер қалған жартысы да дәл осындай қысқа болса, онда…— деп мырс етіп сөзін бөліп жібердім. — Үндемей тыңдасаңызшы. Алдын ала айтып қояйын: сезімді бөлуші болмаңыз, әйтпесе, жаңылысып қаламын. Иә, үндемей тыңдаңыз. Менің бір кәрі әжем бар. Әкем де, шешем де дүниеден ерте қайтып, мен кішкентай кезімде соның қолына көштім. Бұрын әжем дәулетті болса керек, күні бүгінге дейін аузынан тастамай айтып отырады. Маған француз тілін үйретіп, кейіннен мұғалім жалдаған да со кісі ғой. Жасым он беске толғанда (қазір он жетідемін) мен оқуды тоқтаттым. Міне, дәл осы кезде мен бір тентектік жасадым; не істегенімді мен сізге айтпаймын; қылмысымның ауыр емес екендігін айтсам да жетіп жатыр. Бір күні таңертең әжем мені шақырып алып, өзінің басыр екенін, мені қадағалап жүре алмайтындығын ескертіп, түйреуішті алды да менің көйлегімді өз көйлегіне түйреді де тастады, сөйтіп, мен түзелмесем, өмір бойы осылай бола беретінін айтты. Қысқасын айтқанда, әуелгі кезде бір адым одан ұзай алмадым: әжемнің қасында отырып кітап та оқимын, жұмыс та істеймін, сабағымды да қараймын. Бір жолы қулық жасап, Фекланы өзімнің орныма отыруға көндірдім. Фекла — біздің қызметші әйел, өзі саңырау. Фекла менің орныма отырды. Әжем болса креслода ұйықтап қалған, ал мен жақын жердегі бір құрбыма тартып тұрдым. Бірақ, істің ақыры насырға шапты. Оянып кеткен әжем мені сол қалпы тапжылмай отыр екен деп бір нәрсе жайлы сұрай қалады. Фекла болса әжемнің әлдене сұрап тұрғанын біледі, бірақ не сұрап тұрғанын естімейді, сонан соң ойлап-ойлап кеп, түйреуішті ағытады да, қаша жөнеледі ғой… Осы тұста Настенька сөзін кілт доғарып, ахахалай күлді: мен де қосарлана күлдім. Ол сол сәтте күлкісін тыя қойды. — Сіз, менің әжеме күлмеңіз. Мен күлсем, күлкім келген соң күліп тұрмын… Қайтесіз, әжем осындай болды, оған амал бар ма, әйтсе де, мен оны тәуір көремін. Сөйтіп, таз қалпыма қайта келдім. Әжем мені қасына қайтадан отырғызып қойды, енді адым
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41