сізді мезі етпей ме?». Ол осылай деп сұраған кезде неге екені белгісіз, мен қатты қысылдым, әсте, жұрттың осылай деп сұрай бастағанынан болса керек, бұл сөз арқама аяздай батты. Жауап берместен кетіп қалайын деп ем, оған шамам жетпеді. «Тыңдаңызшы, сіз керемет сүйкімді қызсыз! — деді ол. — Менің бұлай сөйлегеніме ғафу етіңіз, бірақ, сенесіз бе, мен сізге әжеңізден де артық жақсылық тілеймін. Қонақ боп қайта қоятындай сіздің құрбыңыз жоқ па?». Мен ондай құрбымның жоқ екенін, біреуі бар еді, Машенька деген, оның да Псковка кетіп қалғанын айттым. «Айтыңызшы, менімен бірге театрға барғыңыз келмей ме?» — деді. «Театрға? Ал әжемді қайтпекпін?». «Сіз, — дейді, — әжеңізден ұрланып шығып кетіңіз»… «Жоқ,—деймін, мен, — әжемді алдай алмаймын. Қош болыңыз!». Ол да «Қош болыңыз» деді, басқа ләм деген жоқ. Тек түстен кейін ғана ол бізге келді; отырды, әжеммен ұзақ әңгімелесіп, оның бір жаққа кетер-кетпесін сұрап көрді де кенеттен: «Ал мен бүгін операның ложасына билет алып едім; «Севиль шаштаразысын» қоймақшы, таныстарым бармақ еді, кейіннен айнып шыға келді де қолымда билет артық қалды» дегені. «Севиль шаштаразын» — деп әжем айғайлап жіберді, — баяғы заманда қойып келген шаштаразы бар еді. Бұл сол ма?». «Иә, — дейді ол, — сол шаштаразының тап өзі». Сөйтеді де маған қарап қояды. Мен бәрін де түсіне қойып, қызарып кеттім, жүрегім әлденені күткендей үлпілдеп сала берді. «Обай-ау, айтарың бар ма, — дейді әжем, — оны қалай білмессің! Баяғы кезде үйдегі театрда мен Розинаны ойнағанмын ғой!». «Онда, бүгін барғыңыз келмей ме?—деді пәтерші, — менде бір билет босқа күйіп бара жатыр». «Иә, барайық, — деді әжем, — неге бармасқа? Мына менің Настенькам театр дегенді мүлдем көрген емес». Құдай-ау, қандай қуаныш десеңізші! Сол сәтте-ақ біз тез-тез киіндік те, жүріп кеттік. Әжем соқыр болса да музыка тыңдағанды ұнатады, оның үстіне өзі қамқор кемпір емес пе, мені осынысымен тыныштандырмақ, екеуден-екеу болсақ бүйтіп шала бүлінбейміз ғой. «Севиль шаштаразысынан» қандай әсер алғанымды сізге айтпай-ақ қояйын, тек сол кеште біздің пәтершіміз маған соншалықты тесіле қарап, соншалықты еркелете сөйледі, тілті ол таңертең менің жеке шығуымды өтінерін білдім. Қуанышымда шек жоқ! Безгек ұстагандай жүрегім тулап, төсекке мейлінше көңілді, тәкаппар сезіммен кеп жаттым, күні бойы «Севиль шаштаразысы» жайлы сандырақтап шықтым. Осыдан кейін ол бізге жиі-жиі келіп тұратын шығар деп ойлап ем,— мүлде олай болмай шықты. Босағадан аттап баспай койды. Келсе айына бір-ақ рет, онда да театрға шақыру үшін келеді. Бұдан кейін біз екі рет барып қайттық. Ал мен бұған қатты қапаландым Ол тек менің әжеме таңылып отырғанымды ғана аяйтынын білдім, басқа түк те емес. Неғұрлым уақыт
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41