АҚ ТҮНДЕР Сентиментальды роман (Қиялшылдың естелігінен) Федор Достоевский

келеді, сол бетте осында екендігін білдіріп, бір таныстарымның үйіне сездірмей маған хат тастап кетуі керек. Ал хат жазудың жөні келмесе, өйткені, қағазға ойыңдағыны түгел сыйдыра алмайсың ғой, онда ол келген күні дәл сағат онда осы арада кездеспек болып уәделескенбіз. Оның осында екеніне көзім жетеді; бірақ, міне, үш күннен бері өзі де жоқ, сөзі де жоқ. Таңертеңгісін әжемнен сытылып шығу мүмкін емес. Менің хатымды сіз әлгі айтқан таныстарыма табыс етерсіз, олар оны әрі жөнелтеді; ал жауап бола қалса, сіз оны маған кешкі сағат тоғызда әкеп беріңіз. — Ойбай-ау, хат, хат ше? Алдымен хат жазып алу керек қой! Бүрсүгіні бәрі де жөнге келеді. — Хат дейсіз бе… — деді Настенька біршама абдырап, — хат… бірақ… Ар жағын айта алмады. Ол әуелі сүйкімді жүзін менен бұрып әкетіп, қызғалдақтай қызарып кетті, сонан соң мен өз қолыма ұстатылған хатты байқадым, әсте, бұдан әлдеқайда бұрын жазылып, күн ілгері дайындалып, мөр басылып қойылған болса керек. Етене таныс, сондай сүйкімді, әсем бір әуен сол сәтте есіме түсе кетті. — R,o=R,o s,i=si n,a = nа,—деп бастай бердім. Rosinа,— деп екеуміз де қосыла әндеттік, мен оны шаттықтан қүшақтап ала жаздадым, ал Настеньканың қап-қара кірпіктерінде мөлдір маржандай жас тамшылары дірілдеп, екі бетінде қаны ойнап, жылап тұр, күліп тұр. — Иә, жарайды, жарайды! Қош болыңыз енді! — деді ол аптыға сөйлеп. — Міне сізге хат, міне адрес. Қош! Ертеңге дейін сау болыңыз! Ол менің қолымды қатты-қатты қысып, басын изеді, де жай оғындай жалт етіп, өз көшесіне беттеді. Мен оның соңынан көпке дейін тапжылмай қарап тұрдым. — Сау бол! Ертеңге дейін сау бол! — дедім ішімнен ол көзден ғайып болған кезде. ҮШІНШІ ТҮН Бүгінгі түн бейнебір менің келешек кәрілігімдей көңілсіз, жаңбырлы, сылбыр күн болды. Ерекше бір оғаш ойлар, ерекше бір күңгірт сезім мазамды алып, түсініксіз сауалдар басымды мең-зең етіп, ығыр қылды, оны шешуге шамаң да жоқ, зауқың да жоқ. Оның бәрін шешу менің жұмысым емес қой! Біз бүгін көріспейміз. Кеше, біз қоштасып тұрғанда аспанды бұлт торлап, тұман көтерілген еді. Ертең күн жабырқау болар дегенмін; ол жауап бермеген, ол өзіне-өзі қарсы сөйлегісі келмеді, ол үшін бұл күн ашық та, арайлы да еді, оның бақытын ешқандай бұлт бүркей алмайды. –Егер жаңбыр болса біз көріспейміз,– деген ол, –мен келмеймін. Бүгінгі жаңбырды ол байқамаған да шығар деп ойлап ем, бірақ, келмей қалды. Кеше біз үшінші рет кездестік, үшінші ақ түніміз, арайлы түніміз… Алайда, қуаныш деген адамды қаншалықты бақытқа бөлеп, жүрегін қаншалықты мейірімге толтырады десеңізші! Өз жүрегіңіздегінің бәрін өзге бір жүрекке құйғың келетін сияқты, жан біткеннің бәрі көңілді

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41