боламын… Осы бір сәтте көңілімді сұмдық бір құса билеп алды; сөйтсе де жан түбімнен кекесін бір сезім бас көтерді. –Сіз есіңізден ауытқып тұрсыз, –дедім мен, –сіз қорқып тұрсыз, ол келмей қалар ма екен деп шошынасыз. –Құдай жарылқасын сізді! – деп жауап қатты ол, – егер мен бұдан гөрі азырақ бақытты болған болсам, онда мен, әсте, сенімсіздігіңіз бен қытығыма тиіп айтқан сөздеріңізден жылап жіберер ем. әйтсе де, сіз маған ой салып, терең толғануыма жол сілтедіңіз, бірақ мен кейінірек ойланармын, әзірге сіздің шындықты айтып тұрғаныңызды мойындаймын. Иә! Мен өзімді-өзім билей алатын емеспін; менің есіл-дертім жол тосуда ғана, сондықтан шығар, бәрін де біртүрлі оңай сияқты сезінемін. Жә, жарар, сезім дегенді қоя тұралық!.. Осы кезде адам аяғының тысыры естіліп, қараңғыда бізге қарай келе жатқан жүргінші көрінді. Біз екеуміз де қалшылдап кеттік. Настенька айғайлап жібере жаздады. Мен оның қолын төмен түсіріп, кетейік деген ишарат білдірдім. Бірақ біз алданыппыз: бұл ол емес екен. –Сіз неден қорқасыз! Менің қолымды неге босаттыңыз? –деді ол қолын маған қайта созып. –Несі бар? Біз оны бірге күтіп аламыз. Бір-бірімізді қалай жақсы көретіндігімізді ол да байқасын. –Бір-бірімізді қалай жақсы көреміз! –Мен дауыстап жібердім. «О, Настенька, Настенька! – дедім мен іштей, –бұл сөзіңмен қаншалықты көп нәрсені аңғарттың сен! Дәл мұндай махаббаттан, Настенька, басқа бір сағатта жүрегіңе мұз қатып, жаныңа жара түсер еді ғой. Сенің қолың темірдей суық, менің қолым оттай ыстық. Сен неткен соқыр едің, Настенька!.. О, бақытты адамның өзі кейбір кездерде қаншалықты ашушаң боп кетеді, бірақ менің саған ренжитін жөнім жоқ еді» Ақыр аяғында жүрегім толқып кетті. –Тыңдаңызшы, Настенька! – дедім дауыстап,–менің күні бойы қандай күйде болғанымды білесіз бе? –Иә, не, не боп қалды? Айтыңыз жылдам! Осы уақытқа шейін сіз неге ләм демедіңіз? –Біріншіден, Настенька, сіздің дегендеріңіздің бәрін орындап болған соң хатты табыс еттім, сіз айтқан адамдардың үйінде болдым, онан кейін… онан кейін үйге келдім де жатып қалдым. –Бар болғаны осы ма?–деді ол сөзімнің соңын күлкісімен көміп. –Иә, бар болған осы, –дедім жүрегім сыздап, өйткені көзіме жас төңіректеп шыға келді. – біздің кездесуімізге бір сағат қалғанда оянсам да көз ілмеген сияқтымын. Не болғанымды өзім де білмеймін. Осының бәрін айтып беру үшін мен сізге беттедім, мен үшін уақыт жүрмей тоқтап қалған секілді, осы бір шақтан бір ғана ләззатты сәтті, бір ғана сезімді менің есімде мәңгі қалдырардай, бейнебір жалғыз ғана минут бүкіл ғұмырға созылардай барша өмір біткен мен үшін кідіріп қалған сияқты… Оянған кезімде әйтеуір бір жерде естіген, құлаққа таныс, бірақ әлдеқашан ұмыт болған әсем бір музыка әуені жадымда қайта жаңғырғандай болды. Ол музыка
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41