АҚ ТҮНДЕР Сентиментальды роман (Қиялшылдың естелігінен) Федор Достоевский

жан түбінен өмір бойы сыртқа талпынып, енді ғана… –Ах, құдайым-ай, құдайым-ай! – деп Настенька сөзімді бөліп жіберді, –не айтып тұрсыз сіз? Түсінсем бұйырмасын. –Ах, Настенька! Мен осы бір оғаш сезімімді өзіңізге әйтеуір бір амалын тауып жеткізгім келіп еді… –деп жалғастырдым әлі де алыс үміттен дәмеленген жалынышты үнмен. –Жетеді, тоқтатыңыз, болды! –деді ол істің мәнін қас қағымдай түсіне қойып. –Залымын қарай гөр өзінің! Кенеттен ол ерекше сөзшең, көңілді, шалдуар боп шыға келді. Ол менің қарымнан ұстап күле береді, менің де күлуімді сұрайды және әрбір қысыла айтқан сөзім оны сыңғырлаған ұзақ күлкіге бөлейді. Мен ашулана бастап ем, ол кенет қылымси қалды. –Шынымды айтсам, –деді ол, –маған ғашық болғаныңызға біршама өкініп келемін. Осыдан соң адамды түсініп көріңіз! Қайткен күнде де, иілмейтін мырза, менің қарапайым қыз екенімді мақтамай тұра алмайсыз. Мен сізге бәрін-бәрін, ойыма қандай ақымақтық оралса да түк қалдырмай ақтарып саламын. –Тыңдаңызшы! Сағат он бір болды-ау шамасы,– дедім қала шетіндегі мұнараның қоңырауы бір қалыпты дауыспен дыңылдағанда. Ол кенет тоқтай қап, күлкісін шорт үзді де, санай бастады. –Иә, онбір, –деді ол ақырында сыбырлай сөйлеп. Мен сол сәтте оны қорқытып, қоңырау үнін санауға мәжбүр еткеніме мейлінше өкіндім және бұрқ еткен ашу-ызам үшін өзімді-өзім қарғадым да. Қыз үшін өзім мұңға шомып, сол күнәмді қалай жуудың амалын таппадым. Мен оған басу айтып, жігіттің келмей қалу себебін іздестіріп, әртүрлі болжаулар мен дәлелдерді көлденең тарта бастадым. Дәл осы минутта оны алдаудан оңай нәрсе жоқ еді, жалпы, оның орнындағы әрбір адам жұбатудың қандай түрі болса да зор қуанышпен тыңдап, одан себеп атаулының көлеңкесін тапса да мейлінше разы болады ғой. –Шынында да күлкілі екен-ау,-дедім дәлелдерімнің айрықша нақтылығына бірте-бірте қызына, сүйсіне түсіп – оның келе алмайтындығы белгілі ғой. Сіз, Настенька, мені де алдап, еліктіріп әкеттіңіз, сондықтан мен де уақыт есебінен мүлде жаңылдым… Өзіңіз ойлап қараңызшы: ол хатты алса енді-енді ғана алды; жарайды, ол келе алмасын, сөйтіп, жауап жазсын делік, бәрібір хат ертеңнен ерте бізге жетпейді ғой. Мен оған ертең құлқын сәріден тұрып барамын да хабар білдірермін-ау. Мыңдаған себепті қарастырып көріңізші: мүмкін ол хат келгенде үйде болмай қалған шығар, және бәлкім, ол хатты әлі күнге оқымаған да болар? Бәрі болуы ғажап емес қой. –Иә, иә!– деп жауап қатты Настенька, – мен мұны ойламаппын, әрине, бәрі болуы мүмкін, – деді келісе кетсе де жарғақ үніндегі ойы онға бөлініп тұрғанын жасыра алмай. – Сіз былай етіңіз, –деп жалғастырды ол, – ертең оған мүмкіндігінше ертерек барыңыз да, бір жауап ала қалсаңыз сол сәтте маған хабарлаңыз. Менің қайда тұратынымды сіз білесіз ғой? – ол маған адресін қайталап

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41