айта бастады. Сонан соң ол кенет сондай нәзік, сондай ұяң бола қалды… Менің сөздерімді мұқият тыңдап тұрған секілді еді; ол өзіне әлдеқалай бір сұрақ бере қойғанымда ол ләм деместен әбіржіп, бетін менен бұрып әкетті. Мен оның көзіне қарадым – тап солай: ол жылап тұр екен. –Қойыңыз, бүйтуге бола ма екен? Ах, сәби сияқтысыз-ау тура! Қандай балалық!… Жетеді, жыламаңыз енді! Ол езу тартып, тынышталуға тырысса да иегі дірілдеп, кеудесі солқылдай берді. –Мен сіз туралы ойлап тұрмын, – деді ол бір минуттық үнсіздіктен соң, – сіз сондай мейірімдісіз, оны сезбесем мен адам емес, қара тас болар едім ғой… Менің басыма нендей ой кеп тұрғанын білесіз бе? Мен сіздің екеуіңізді қатар салыстырдым. Қалауым – сіз емес, неге ол? Неге ол сіз сияқты емес? Мен оны сүйемін, сөйте тұра оны сізден төмен санаймын. Мен ештеңе деп жауап берген жоқпын. Әлдене деуімді ол күтіп тұрған секілді. –Әрине, мен бәлкім, оны әлі жете түсінбейтін, жете білмейтін шығармын. Білесіз бе, мен одан ылғи қорқатын сияқтымын; ол өзін әрқашан мейлінше салмақты, асқақ ұстайтын. Әрине, оның жүзінің салқындығы болмаса жүрегінде менің жүрегімдегіден артық нәзіктік жатқанын жақсы білемін… Айтып ем ғой, ұмытқан жоқсыз ба, түйіншегімді ұстап оған келгенімде маған қадала қарағаны әлі есімнен кетпейді. Бірақ әйтеуір, мен оны тым қатты сыйлайтын сияқтымын, осының өзі біздің тең емес екеніміздің айғағы емес пе? –Жоқ, Настенька, мүлде олай емес, –дедім мен, –демек, сіз оны дүниедегінің бәрінен де жақсы көресіз, оны өзіңізден де артық сүйесіз. –Иә, солай-ақ болсын делік, –деп жауап берді аңқау Настенька, – бірақ, ойыма не кеп тұрғанын білесіз бе? Тек мен қазір ол жайлы емес, жалпы айтқалы тұрмын; мұның бәрі көкейімде талайдан жүр еді. Тыңдаңызшы, неге біз осы ағалы-қарындастылар сияқты емеспіз? Неге ең жақсы деген адамың әмәнда басқа біреуден әлденені құпия сақтағандай ішкі сырын бүгіп ұстайды? Сөзіңнің желге ұшып кетпейтінін біліп тұрсаң неге тұп-тура, тап қазір жүрегіндегі барын ақтарып салмасқа? –Ах, Настенька! Айтып тұрғаныңыз ып-рас-ау; Бірақ бұл көп себептерден туады ғой, –дедім оның сөзін бөліп. –Жоқ,жоқ! – деп жауап қатты ол үзілді-кесілді, – мәселен, мына сіз өзгелерге мүлдем ұқсамайсыз! Жасыратыны жоқ, мен өз ойымды сізге әлде де болса жеткізіп айта алмай тұрмын; әйтсе де, сіз әйтеуір… мәселен… сіз тап қазірдің өзінде бір тәуекелге бел байлап тұрсыз ғой, –деді ол дірілдей сөйлеп, маған көз жанарын бір тастады да. –Артық айтсам ғафу етіңіз: мен кәдімгі қарапайым ғана қызбын ғой, өмірде көрген-білгенім де аз, кейде орынсыз сөйлей саламын, –деп қосып қойды ол даусыз әлдеқалай бір жасырын сезімнен қалтырап тұрса да езу тартуға тырысып, –
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41