бірақ мен сізге риза екенімді, оның бәрін айтпай-ақ түсінетінігімді білдірмек едім… О, мұныңыз үшін сізге Алланың рахымы жаусын! Ал әлгі, қиялшыл жайлы маған айтқандарыңыздың бәрі жалған, яғни, ол оқиғалардың бірде-бірінің сізге мүлдем қатысы жоқ. Сіз енді-енді есіңізді жиып келесіз, сөздің шыны керек, сіз өзіңізді-өзіңіз суреттегеннен тіпті басқа жансыз. Егер әйтеуір бір кезде біреуді ұнатсаңыз, онда, құдай бет алдарыңыздан жарылқай гөрсін! Ал ол қызға менің тілерім жоқ, өйткені сізбен бірге ол сөз жоқ бақытты болады. Мен білемін, мен өзім де әйелмін және сіз бұлай дегеніме илануға тиіссіз… Ол үнсіз қалды да қолымды қатты қысып қойды. Жан толқуынан тынысым бітіп қалғандай мен де ләм дей алмадым. Арада бірнеше минут өтті. –Иә, оның бүгін келмейтіні анық болды! –деді ол бір кезде басын көтеріп. –Уақыт тым кеш!.. –Ол ертең келеді,–дедім мен сенімді түрде нықтай сөйлеп. –Иә,– деді ол қайта көңілденіп, –енді оның ертең келетінін өзім де біліп тұрмын. Ал, ендеше сау болыңыз! Ертеңге дейін! Егер жаңбыр жауса, бәлкім, келмей де қалармын. Бірақ бүрсүгіні мен келемін, сөз жоқ келемін; осы жерден табылатын болыңыз; өзіңізбен тағы да жүздескім келеді, сонда бәрін де айтып беремін. Сонан соң, қоштасар шақта ол маған қолын ұсынып, жүзіме қадала қарады да: –Енді біз өмір бақи біргеміз ғой, солай емес пе? –деді. О!Настенька, Настенька! Енді менің жападан жалғыз құлазып қалғанымды білсең-ау! Сағат тоғызды соққан кезде үйде отыра алмай, жауын-шашынға қарамастан киініп сыртқа шықтым. Мен кешегі жерге барып, өзіміздің сәкіге отырдым. Олар тұрған көшеге беттей беріп, бойымды ұят кернеген соң терезелеріне көз тастауға да бата алмай, үйлеріне екі адым ғана қалғанда кейін бұрылып кеттім. Ешқашан басымнан кешпеген жалғыздық мұңына шомып, үйге әзер жеттім. Қандай сыбылыңқы, көңілсіз шақ еді! Егер ауа райы жақсы болғанда мен сол жерде таң атқанша қыдырар едім… Сабыр, ертеңге дейін сабыр! Ертең ол маған бәрін түгел айтып береді. ТӨРТІНШІ ТҮН Құдай-ау, мұның бәрі қалай бітті! Мұның бәрі немен аяқталды десеңізші! Мен сағат тоғызда келдім. Ол сол жерде екен. Мен оны алыстан-ақ байқадым; Настенька біздің алғаш кездескеніміздей жағалаудағы таянышқа шынтағын қойып тұр екен, менің өзіңе жақындағанымды сезген де жоқ. –Настенька!–дедім ішкі толқуымды барынша тежеп. Мен оған сұраулы пішінде қарадым. –Иә, хат, хат қайда? Сіз хат әкелдіңіз бе? –деді ол таяныштан қыса ұстаған бойы үстемелей сұрап. –Жоқ, менде хат жоқ, –дедім бір кезде,-Онымен әлі кездескен жоқ па едіңіз? Ол жуған матадай боп-боз боп, менен көз алмай қадалып қалды. Мен оның ең соңғы үмітіне су сепкендей болдым. –Онда, құдай бет-алдынан жарылқасын! –деді ол әлден соң үзе-сөйлеп, –мені өстіп қалдыратын болса, құдай бетінен жарылқасын.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41