АҚ ТҮНДЕР Сентиментальды роман (Қиялшылдың естелігінен) Федор Достоевский

Ол төмен қарады. Артынша маған көз тастағысы келіп еді, оған шамасы жетпеді. Тағы бірнеше минут өзін-өзі жеңбек боп арпалысып тұрды да, кенет теріс айналып, жақтауға сүйеніп егіліп жіберді. –Қойыңыз, жыламаңыз!–деген болып едім, оның қазіргі халін көріп ары қарай жалғауға шамам жетпеді, және де, мұнан әрі не демекпін оған? –Жұбатпаңыз мені, –деді ол жылап тұрып, –ол жөнінде сөйлеуші болмаңыз, «ол келеді, ол бүйтіп жерге қаратып тастап кетпейді» деп айтпаңыз. Ол алдады. Неге, неге? Қа-лай-ша менің хатымнан, құрып қалғыр хатымнан көңілге дық салар сөз тапты екен? Оның жылаған үнін өксік көміп кетті; оған қарап тұрып жүрегім қарс айрылғандай болды. –О, неткен бұл тас жүректік!–деп бастады ол қайтадан.–Бір жол, бір жол да жауап жазбаған! Тым құрыса «маған керегің жоқ, мен сені сүймеймін» деп жазса екен-ау, үш күннің ішінде бір жол жазбау деген! Өзін сүйгені үшін жазықты болған қорғансыз, бейшара қызды зәбірлеу, жанына жара салу оған қаншалықты оңай еді! Япыр-ай, осы үш күн бойы қаншама азап шектім. Құдайым-ай, құдайым-ай десеңші! Оған алғаш рет өзім келіп, оның алдына ұятымды жығып беріп, одан махаббаттың тым болмаса бір тамшысын қиыла өтініп жылағаным есіме түскенде… содан кейін келіп міне!.. Бері қараңызшы,– деді ол қара көздері жалт-жұлт етіп, –біздікі білместік қой! Бұлай болуы мүмкін емес; бұл шындыққа жатпайды! Не сіз, не мен қателесіп тұрмын; мүмкін ол хатты алмаған шығар? Оның осы кезге дейін ештеңе білмеуі де мүмкін ғой? Құдай үшін, өзіңіз ойлаңызшы, өзіңіз айтыңызшы, түсіндіріңізші маған – менің бұған басым жетпейді – қалайша, қалайша ол сияқты мейірімсіздік, хайуандық жасауға бола береді! Бір ауыз сөзі жоқ! Бірақ, дүниедегі ең жексұрын жанға да жаның ашиды ғой. Мүмкін, ол бірдеңе естіген шығар, мүмкін, біреу-міреу барып оған бірдеңе айтқан шығар, –деді ол менен дауыстай сұрап. –Айтыңызшы, сіз, сіз қалай ойлайсыз? –Бері қараңызшы, Настенька, ертең мен оған тура сіздің атыңыздан барамын. –Иә! –Не болғанын түгел сұрап, оған бәрін де айтамын. –Иә, иә! –Сіз хат жазып бересіз. Жоқ деп айта көрмеңіз. Настенька, жоқ дей көрмеңіз! Оған мен сіздің адалдығыңызды мойындатамын, ол бәрін де түсінетін болады, ал егер… –Жоқ, жарқыным, болмайды, –деп ол сөзімді бөліп жіберді. –Жетер! Енді мен бірауыз, бірауыз сөз де, бір жол да жазбаймын –жетеді! Мен оны білмеймін де, мен оны енді сүймеймін де, оны енді ұмы-та-мын… Ол сөзін ақырына дейін айта алмады. –Сабыр етіңіз, сабыр етіңіз! Мұнда отырыңызшы, Настенька, –дедім оны сәкіге отырғызып. –Мен қойдым, жетер енді! Солай! Жыласам жасым құрғар! Сіз не мен, өзімді-өзім жоқ қылып, суға батып кетеді деп тұрсыз ба? Жүрегім кеудеме сыймай барады; әлдене деп сөйлейін деп едім,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41