оған мұршам келмеді. –Бері қараңызшы,– деді ол менің қолымнан ұстап, –айтыңызшы: Сіз бұлай етпес пе едіңіз? Сізге өзі келген қызды тастап кетіп, оның дәрменсіз, ессіз жүрегін қалай болса солай әжуалар ма едіңіз? Оны аялар ма едіңіз? Ол қыздың ешкімі жоқ жалғыз екенін, өзін-өзі сылап-сипап алмағанын, сізге деген махаббатын жасырып ұстауға шамасы жетпегенін, оның жазықсыз екенін, ең ақырында, оның сіздің алдыңызда инедей де кінәлі емес екенін көз алдыңызға елестетер ме едіңіз! О, құдайым-ай, құдайым-ай тегі!.. –Настенька! –Өзім-өзім мұнан әрі ұстай алмай айғайлап жібердім. –Сіз менің жүрегімді шабақтап отырсыз! Сіз мені әәжуалап, тірідей көміп отырсыз, Настенька! Мен үнсіз қала алмаймын! Менің сөйлеуім керек, мен өз жүрегімдегі қайнауы жеткен сөздерімді ақтаруға тиіспін… Осылай дедім де, орнымнан көтерілдім. Ол менің қолымнан ұстап, жүзіме таңдана қарады. –Сізге не болған!?–деді ол бір кезде. –Тыңдаңыз! –дедім үзілді-кесілді: –Тыңдаңыз мені, Настенька! Менің қазіргі айтатынымның бәрі сандырақ, түсініксіз, ессіз бірдеңе! Ол ойымның іске аспайтынын білемін, бірақ, үнсіз қалуға хақым жоқ. Сіз қазір нендей нәрседен азап шегіп жүрсіз, соның атымен күні бұрын ант етемін, мені кешіріңіз!.. –Иә, ол не, ол не? –деді Настенька жасын тиып. Маған қадала қалған жанарында әлденені білуге ынтығу, таңдану бар. –Айтсаңызшы, не болған сізге? –Бұл жүзеге аспайтын нәрсе, бірақ, мен сізді сүйемін, Настенька! Міне қалай! Ал, айтылар сөзім айтылды! –дедім қолымды сермеп. –Мұнан әрі менімен әлгідегідей сөйлесе аласыз ба, менің айтар сөзімді тыңдай аласыз ба, ол жағын енді өзіңіз білерсіз… –Иә, несі бар, несі бар екен, –деп Настенька сөзімді бөліп жіберді, – онда тұрған не бар? Мені сүйетініңізді баяғыдан білемін, бірақ, маған деген махаббатыңыз жай, әшейін бір қызығушылық сияқты боп көрінуші еді… Ах, құдайым-ай, құдаым-ай тегі! –Әуелгі кезде жай сияқты еді, Настенька, ал қазір… қазір мен өзіңіздің дәл оған түйіншек ұстап барған кезіңіздегі халдемін. Менің халім, Настенька, сізден де жаман, өйткені сол шақта ол ешкімді сүймейтін, ал сіз ғашықсыз. –Сіз маған не айтып тұрсыз! Мен тіпті, түсінсем бұйырмасын. Бірақ, ойлаңызшы, не керегі бар, не керегі бар емес-ау, қалайша біз бүйтіп кенеттен, табан астында… Құдай-ау, не сандырақтап барамын! Бірақ сіз… Сөйтті де Настенька мүлде дегбірінен адасты. Екі бетіне қан ойнап шыға келді; жанарын төмен түсіре қойды. –Қайтейін, Настенька, басқа не амалым бар! Мен кінәлімін, мен өзіме-өзім қастық жасадым… бірақ олай емес, жоқ, мен кінәлі емеспін Настенька, мен мұны білемін, сеземін, өйткені өз жүрегім солай дейді, осыны жөн деп ұғады, өйткені мен сізді ешқандай да ренжіте алмаймын, ешқандай зәбірлей алмаймын! Мен сіздің досыңыз болдым; қазірде де досыңызбын; көңіл суытқан жайым жоқ. Міне енді көзімнен жас сорғалап тұр, Настенька.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41