АҚ ТҮНДЕР Сентиментальды роман (Қиялшылдың естелігінен) Федор Достоевский

Мейлі, сорғалай берсін, төгіле берсін – оның ешкімге кесірі жоқ. Ә дегенше кеуіп кетеді, Настенька… –Япырмай, отырсаңызшы, отырыңызшы өзіңіз, –деді ол мені сәкіге отырғызып жатып, – оһ, құдай-ай әйтеуір! –Жоқ, Настенька, мен отырмаймын; бұдан әрі бұл жерде бола алмаспын, сіз де мені енді көрмессіз; мен бәрін айтамын да кетемін. Айтарым сол, өзіңізді сүйетіндігімді сіз ешқашан білмес едіңіз. Мен өз құпиямды ішке сақтап жүрген болар ем. Дәл қазір, дәл осы минутта мен сізді қара басымның зарын айтып азапқа салмаған да болар едім. Жоқ! Бірақ мен мұнан әрі төзе алмадым; бұл жайлы өзіңіз бастадыңыз, жатқан жыланның құйрығын басқан сізсіз, бәріне де сіз кінәлісіз, ал менің жазығым жоқ. Сіз мені өзіңізден кет деп қуып жібере де алмайсыз… –Әрине, әрине жоқ, мен сізді ешқашан да қумаймын! –деді байғұс Настенька абыржып қалғанын барынша жасыруға тырысып. –Сіз мені қумайсыз ба? Жоқ қой! Ал сізден өзім тұра қашпақ едім. Сонан соң біржола кетемін, тек әуелі бәрін де алдыңызға жайып саламын, неге десеңіз, сіз сөйлеген кезде мен шыдап отыра алмадым, сіз әлгі бір, әлгі бір (оны жасырмай-ақ қояйын, Настенька) әлгі бір опасыздықтан жаныңыз күйзеліп отырған сәтте, сіздің махаббатыңыз аяққа тапталғанда өз жүрегімдегі сізге деген, сізге деген махаббатымның ұшан-теңіз екеніне көзім әбден жетті, Настенька!.. Бұл махаббатыммен сіздің көңіліңізді жұбата алмайтыныма көкірегім удай ашып… жүрегім қарс айрылғандай сезіндім, сондықтан мен, мына мен– жұмған аузымды ашпай қала алмадым Настенька, ішкі сырымның бәрін ақтаруым керек болды!.. –Иә, иә! Айта беріңіз маған, менімен осылай сөйлесе беріңіз –деді Настенька түсініксіз қимылмен. –Бұлай деп отырғаным бәлкім сізге оғаш көрінер, бірақ… айта беріңіз! Мен сізге соңынан айтамын! Бірін де қалдырмаймын! –Сіз мені аяп тұрсыз, Настенька, бар болғаны маған жаныңыз ғана ашиды! Өткен іс өтті! Айтылған сөз – атылған оқ, оны қайтып ала алмайсың. Солай емес пе? Енді, сіз бәрін де білесіз. Сонымен, әңгімеге кірісер жеріміз де осы. Иә, жақсы! Мұның бәрі де тамаша; тек сіз тыңдаңыз. Әлгінде, жылап отырғаныңызда өзімше (ох, өзімше деуіме рұқсат етіңізші), мен өзімше қиялға шомдым, онда сіз әрине, бұл енді болмайтын нәрсе, Настенька! Онда сіз мүлдем басқа бір адамға айналып кетіпсіз де, бұдан былай оны сүймейтін бопсыз. Онда –мен мұны кеше де, бүгін де ойлаумен болдым, Настенька онда мен сөз жоқ, сөз жоқ сізді өзіме ғашық етер едім: сіз солай дедіңіз ғой, сізге біржола құлай ғашық болған сияқтымын деген өзіңіз ғой, Настенеька. Ал, әрі қарай? Міне, бәрі осы, айтарымды айтып біттім, енді қалғаны біреу-ақ, егер сіз мені сүйген болсаңыз, төбем көкке жетер еді, міне, айтарым осы ғана! Досым-ау, өзіңіз ойлаңызшы – қайткен

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41