АҚ ТҮНДЕР Сентиментальды роман (Қиялшылдың естелігінен) Федор Достоевский

енді бақыттымын, мен… қойшы, Настенька, қояйықшы осы, басқа әңгіме бастайықшы, тезірек, тезірек бастайық, иә! Мен дайынмын… Біз сөйлесетін сөз таппадық, біз күле бердік, біз жылай бердік, біз мән-мағынасыз сөйлей бердік, бірде тротуармен жүріп, кенет кері қайттық, енді бірде көшені мақсатсыз кесіп өттік; сонан соң тоқтай қалып, жағалауға қайта шықтық; біз бала болдық… –Мен қазір қара басым ғана тұрамын, Настенька, –дедім,– ал ертең… Әрине, Настенька, өзіңіз білесіз ғой, мен кедеймін, небәры бір мың екі жүз ғана ақшам бар, бірақ ол неғылар дейсің… –Әлбетте, оның ерсілігі жоқ, ал әжем пенсия алады: демек, ол бізді шетке ысырмайды. Ол кісіні қолымызға алуымыз керек. –Әрине, шешейді қолға алу керек… тек, Матренаның болып тұрғанын қарасаңшы… –Обай-ау, бізде де Фекла бар екен ғой! –Матрена ақ көңіл әйел, тек бір ғана кемшілігі бар. Онда түйсік деген жоқ, Настенька, мүлдем жоқ; бірақ бұл ештеңе емес!.. –Бәрібір ол екеуі бірге тұра береді, тек сіз ертең бізге көшіп келетін болыңыз. –Бұл қалай? Сіздерге ме! Жарайды, мен дайынмын… –Иә, сіз бізден «пәтер жалдаңыз». Жоғарғы жайымызда мезонин бар, ол бос; бұрын онда бір кемпір тұратын, дворян, кейін кетіп қалды, енді, байқауымша әжем оған жас жігітті жібермек. «Жас жігіттің керегі не?» деймін мен. Ол болса: «жай әшейін, қартайдым ғой, бірақ мен сені соған күйеуге бергелі жүр екен деп ойлап қалма, Настенька» дейді. Мұның бәрі сол үшін ғана екені айдан анық. –Япыр-ай, Настенька-ай!.. Екеуміз де қосыла күлдік. –Ал, жетер осы да, жетер. Сіз қайда тұрасыз? Мен ұмытып та қалыппын ғой. –Анда…н… көпірінің жанында, Баранников үйінде. –Әнебір үлкен үй ме? –Иә, сол үлкен үй. –Еһ, біледі екенмін ғой, жақсы үй; бірақ сіз оны қайтесіз, ертерек бізге көшіп келіңіз… –Тура ертең, Настенька, тура ертең көшіп келемін; Мен пәтерге аздап қарыз едім, жә, оны қойшы… жақында жалақы аламын ғой… –Ал мен бар ғой, бәлкім, сабақ та берермін, алдымен өзім оқып алайын, сонан соң сабақ берейін… –Міне, бұл тамаша… ал мен, Настенька, жақында награда аламын… –Сөйтіп, сіз ертең менің пәтершім боласыз.. –Иә, сонан соң біз де «Севиль шаштаразысына» барамыз, өйткені, ол жуық арада қайта қойылғалы жатыр. –Әрине, барамыз, – деді Настенька күліп, –жоқ дұрысы «Шаштаразыны» емес, басқа бір нәрсені тыңдайық. –Жарайды, басқасын-ақ тыңдайық, әрине, бұл жақсы болады, оны ойламағанымды қарашы… Екеуміз де бейне бір қою тұман арасында жүргендей, өзіміздің қайда, қалай бара жатқаныымызды ұмытып, осылайша ұсақ-түйекті сөз етіп жүре бердік. Қайда ұзап кеткеніміізді бір құдай білсін, кейде аялдап, кейде жүріп, енді бірде ұзақ сөйлестік, тағы да күлкі, тағы да көз жасы… Кейде Настеньканың үйге қайтқысы келеді, жібермеуге еркім жоқ,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41