оны үйіне дейін шығарып салмақ боламын, біз сол мақсатпен ілгері қозғаламыз да кенеттен, ширек сағат өткенде жағалаудағы өзіміздің сәкінің қасынан бір-ақ шыққанымызды көреміз. Кейде ол терең күрсінеді де көзіне жас алады; мен сескеніп, денем мұздап кетеді… бірақ ол сол сәтте-ақ қолымды қыса ұстап тағы да ілгері тартады, жоқтан өзгені айтуға, сыр шертуге жетелейді… –Енді жетер, үйге қайтатын мезгіл боп қапты; тіпті кешіктім-ау шамасы, –деді Настенька ақырында – осы бала болғанымыз да жетер! –Иә, Настенька, тек мен көз іле алмаспын сірә: енді үйге бармаймын. –Әсте, мен де ұйықтай алмаймын ғой деймін: тек сіз мені шығарып салыңызшы: –Сөз жоқ! –Бірақ біз енді тура үйге дейін барамыз. –Сөз жоқ, сөз жоқ! –Шын айтасыз ғой-ә?.. Өйткені әйтеуір бір кезде үйге қайтуымыз керек қой! –Құдай шыным! – дедім мен күліп. –Ендеше, кеттік! –Кеттік! –Қараңызшы, Настенька, аспанға қараңызшы! Ертең күн тамаша болғалы тұр; неткен тұнық аспан, неткен толық ай! Қараңызшы: әнебір сарғыш бұлт оның бетін жапқалы бара жатыр, қараңызшы, қараңызшы деймін!.. Жоқ, жанынан өтіп кетті. Көрдіңіз бе, қарасаңызшы енді!.. Бірақ Настеньканың бұлтпен ісі болмай, бір орында демін ішіне тартып қатыпты да қалыпты, бір минуттан соң ол үрейленіп, маған тығыла берді. Алақанымдағы саусақтары дірілдеп барады; мен оның жүзіне қарадым… Ол маған бұрынғысынан бетер тығыла түсті. Осы кезде біздің жанымыздан бір жас жігіт өтіп бара жатты. Ол кенет тоқтай қалып, бізге үңіле қарады да, тағы бірнеше адым бері жүрді. Жүрегім тайдай тулап қоя берді… –Настенька, –дедім сыбырлап, –бұл кім, Настенька? –Бұл сол! –деді ол естілер-естілмес үнмен маған дір-дір етіп тығыла түсіп… –мен қалтырап барамын… –Натенька, Настенька! Бұл сенбісің!–деген дауыс естілді де, сол минутта жас жігіт бізге қарай бірнеше адым қозғалды… Құдай-ау нееткен дауыс! Ол қалай селт ете түсті! Қалайша менің қолымнан сытылып шығып, оған қарай құстай ұшты десеңізші! Мен өлген кісідей оларға қарап тұрып қалдым. Бірақ Настенька оған қолын беріп, құшағына енгені сол-ақ екен, кенет желдей ұшып, найзағайдай жалт етіп, маған қайта ораалды да, есімді жиып болғанша мойнымды екі қолымен қыса құшақтап, мені құшырлана сүйіп-сүйіп алды. Сонан соң бір ауыз да сөз айтпай оған қайта жетті де, қолынан ұстап жетектей жөнелді… Мен оның соңынан ұзақ уақыт бойы тапжылмай қарап тұрдым. Ақыры екеуі де көзден ғайып болды… ТАҢ Менің түндерім таңмен аяқталды. Күн сондай көңілсіз еі. Жаңбыр жауып, тереземді тынымсыз сытырлатып тұр. Бөлме іші күңгірт, дала бұлыңғыр. Басым айналып, түсіп барады; тұла бойымды безгек билеп келеді. –Көкем-ау, сааған хат келді, қалалық почтадан хат тасушы әкеп берді, –деді Матрена менің дәл төбемнен. –Хат! Кімнен?–деп орындықтан ұшып тұрып, айғайлап жібердім. –Қайдам
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41