АҚ ТҮНДЕР Сентиментальды роман (Қиялшылдың естелігінен) Федор Достоевский

бір-ақ шыққандай болдым. Қаланың меңіреу қабырғаларының астында тұншыға жаздаған жарымжан адамды табиғат көрінісі айрықша тебірентіп өтеді екен. Біздің Петербург табиғатында тіл жетпейтін тамаша бір қасиет бар, көктем шыға бастағаннан-ақ ол аспан әлемі сыйлаған бар күш-қуатын, қадір-қасиетін танытып, әртүрлі гүлдері шешек атып, жасыл желек жамылып, құлпырып шыға келеді… Ол менің есіме аурушаң, дірмәнсіз кызды еріксіз түсіріп өтеді. Оған кей кезде жаныңыз ашиды, кейде аяп жақсы көресіз, ал енді бір сәтте оның кенеттен, қас қағымының ішінде құлпырып шыға келіп, кереметтей сұлуланып кеткенін көресіз, ал бұған мейлінше таңданып, одан нәр алып тұрған сіз еріксізден өз-өзіңізге; мына бір мұң үймелеген, ойлы көздердің от шашып жарқ ете түсуіне қандай құдірет себепші болды екен? Жуған матадай боп-боз, арық жүзіне қан ойнатқан не қасйет, үлбіреген нәзік бетіне құштарлық қайдан құйылды? Мына кеуде неліктен демігіп барады? Бейшара қыздың өңіне қайрат пен жігер, құштарлық пен ажар кенет қайдан пайда болды, әсем жүзіне күлкі ойнатып, жарасымды, жарқын күлкі әкелген не күш?—деген сұрақ қояр едіңіз, Сіз айналаңызға көз тастайсыз, сіз әлдекімді іздегендей боласыз. Сіз гәптің неден екенін енді-енді аңғара бастайсыз,.. Бірақ қас қағымға созылған бұл сәт те ғайып болады, сонан соң, бәлкім осының дәл ертесінде сіз сол бұрынғы тұңғиық та солғын жанарды, сол бір боп-боз үнді, бар қимылындағы бағзы бір бағыныштылық пен жасқаншақтықты, әріберіден соқ опынысты, тіпті бір минуттық серпілісі үшін туған өкініш пен сұп-суық сары уайым іздерін көрер едіңіз… Әпсәттік әсемдіктің қайта тірілместей соншалықты тез, соншалықты жылдам солып қалғанына, оның, алдамшы үміттей көз алдыңызда бекер-ақ жалт еткеніне өкінесіз және оған ғашық боп үлгіруге де уақыттың жетпегені ойыңыздан кетпейді… Ол бір ғажайып түн еді-ау, құрметті оқушым! Ондай түндер біздің сонау балаң кезімізде ғана кездесетін. Аспан деген шайдай ашық, жұлдыздары самаладай жарқырап тұрған мейірбан түндердің бірі еді. Ашық аспан аясында сансыз жұлдыздардың мейірлене сәуле шашып тұрғаны сондай, сол жұлдыздарға қарап тұрып: Япырмай, осындай мейір-шапағат құйылып тұрған аспан астында әр түрлі арам пиғылды адамдар мен кесірлі-кесапатты жандар да өмір сүріп жатыр ма екен деп өзіңе-өзің еріксіз сұрақ қойғандай едің. Бірақ, ол да балаң кездің балауса сұрағы ғой, құрметті оқушым! Қалай болғанда да, жаратқан ием әр кеудеге осындай балаң сауалдарды көптеп үймелете берсінші! …Петербургтегі менің ақ түнім қалай басталып еді өзі? Мен енді сіздерге соны баяндайын, құрметті оқушым… БІРІНШІ ТҮН * * * Менің түндерім күннен гөрі әлдеқайда мәнді еді! Ретімен айтқанда ол былайша басталған болатын. Мен қалаға өте кеш оралдым. Өз пәтерімнің жанына таянғанымда уақыт он болып та қалған екен. Мен келген жол канал жағасын бойлай салынған, мұндай кездерде қарсы алдыңнан тірі жан

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41