кенеттен жанары солып, бетін әжім басқан, қушиған кәрі кемпір боп көрінді. Неге екенін қайдам, кішкене бөлмем де сол кемпір сияқты кенет тозып кеткендей болды. Қабырғалар мен еденнің де әрі қашып, бәрі күңгірт тарта бастады; өрмекшінің ұясы бұрынғыдан бетер қаптап кеткен секілді. Неге екені белгісіз, терезееден қараған кезімде қарсы бетте тұрған үй де ескіріп, күңгірт тартып, бағаналарындағы сылақтары ойдым-ойдым боп түсіп қалғандай, карниздері қарауытып, жарылып кеткендей, ашық күңгірт-сары түсі алабажақ тартқандай боп көрінді… Әлде күн нұрының бұлт арасынан бір жылт етіп, қайта жасырынғанынан ба, көз алдым тағы қарауытып кетті; әлде алдымнан болашақ өмірімнің бар тұлғасы елес беріп өтті ме екен, араға он бес жыл түсіп, дәл қазіргім сияқты қартайып біткендей, сол халде, сол бөлмеде, әлі күнге дейін шайнам ақыл қоспаған сол баяғы Матренамен бірге жалғыз қалғандай сезіндім. Ренішімді жадымда сақтап қайтейін, Настенька! Сенің мөлдір де таза бақытыңа қара бұлт төндіру үшін бе, саған ызаланғандықтан жүрегіңе қайғы орнатып, ләззатты шақтарында күрсінту үшін бе,немесе, онымен бірге альтарға бара жатқан сәтіңде көмірдей қара шашындағы топ гүлдің тым болмаса біреуін жұлып алып, аяққа таптау үшін бе… О, атай көрме, олай етуге ешқашан, ешқашан арым жетпейді! Сенің аспаның дәйім ашық болсын, жайдары әсем күлкіңді кірбің баспасын, жапандағы саяқ өскен ағаштай жалғыз қалған өзге бір адамға, мейірімді бір жүрекке сыйлаған ләззаты мен бақытқа толы минуттарыңыз үшін сізге құдайдың рақымы жаусын! О тәңірім-ай десеңші! Аттай бір минутқа созылған неткен рахат сезім! Бір адамның бүкіл ғұмырына осының өзі де жетіп-артылмай ма?..
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41