АҚ ТҮНДЕР Сентиментальды роман (Қиялшылдың естелігінен) Федор Достоевский

кездеспейді. Бірақ, өзімнің де тұратын жерім қаланың қиыр шеті ғой. Жүріп келе жатып ән салдым, өйткені бақытты сәттерімде ешқандай достары жоқ, бірде бір жанашыр танысы жоқ, қуанышты шақтарында қуанышын жыр қып айтып берер адам да таба алмайтын барлық бақытты жандарша өз-өзімнен ыңылдап ән саламын. Кенет мен күтпеген уақиғаға тап болдым. Бір жақ шетте, каналдың жақтауына сүйеніп тұрған әйелді көзім шалды; ол темір торға шынтағын қойып, каналдың лайсаң суына шұқшия қарап қапты. Басына аса жарасымды сары шляпа, үстіне кербез қара мантилька киген. «Бұл сұлу қыз, және сөз жоқ аққұбаша қыз» – деп ойладым. Сірә, ол менің жүрісімді естімесе керек, жүрегім тайдай тулап, демімді ішіме тартып жанынан өтіп бара жатқанымда орнынан қозғалмады да. «Ғажап!, – деп ойладым мен, – сөз жоқ, ол қалың ойға шомып кеткен». Шегелеп қойғандай кенет кілт тоқтай қалдым. Маған тұншыға шыққан өксік үні естілді. Иә! Мен қателеспеппін: қыз жылап тұр еді, бір минуттан соң үсті-үстіне өкси түсті. Құдай-ай десеңші! Жүрегім аузыма тығылды. Әйел атаулыға қанша батылсыз болғаныммен, дәл мынадай сәтте!… мен оған қайта оралдым. Егер орыстың жаһанға жария романдарында мың мәртебе қайталанғанын білмеген болсам тап қазір оған сөз жоқ: «сударыня!» дер едім. Мені жалғыз осы ғана тежеп қалды. Бірақ, мен сөз іздеп тұрғаным да қыз есін жиып, жан-жағына қарады, бойын тез ретке келтіріп, жанарын төмен түсірді де, дәл жанымнан өте шығып, жағаны бойлап жүріп кетті. Мен сол мезетте-ақ оның соңынан ілесе бердім, бірақ қыз мұнымды сезе қойып, жағамен жүрмей көшенің арғы бетіндегі тротуарға түсті. Көшені қиып өтуге менің батылым жетпеді. Қолға түскен шымшықтай жүрегім лүпілдеп барады. Ойламаған жерде маған төтенше жағдай қол ұшын берді. Торотуардың арғы бетінен, менің бейтаныс қызыма таяу жерден жасы егде тартқан, үстіне фрак киген, бірақ жүрісі шәлкес бір мырза көрінді. Ары-бері теңселіп, қабырғаға қолын сақтана тіреп жүріп келеді. Қыз болса сымдай тартылып, түн ішінде үйіне дейін шығарып салмақ болушыларды мүлде қаламайтын барлық бойжеткендер секілді әрі асығыс, әрі жасқана басып барады, ал, менің тағдырым теңселіп келе жатқан мырзаны қулық жасауға итермелеген болса, ол оны, әрине, қуып жете алмас еді. Кенеттен менің мырзам ай-шай жоқ қыздың соңына түсіп, бар пәрменімен жүгіре жөнелсін. Бойжеткен де құстай ұшып келеді, бірақ мырза оны қуып жетіп қалды, жетті де. Қыз айғайлап жіберді, сол сәтте… оң қолыма іліктіре салған кеспелтек таяғы үшін мен тағдырға шексіз ризамын. Көзді ашып-жұмғанша тротуардың арғы жағына ұшып өткенімде шақырусыз келген мырза да істің мәнін лезде түсіне қойып, үнсіз қалды да кейін ысырыла берді, тек біз әудем жер ұзаған соң барып менің атыма аузына келген былапыт сөздерін

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41