қолайсыз оқиға болып қалуы мүмкін, бірақ, оны қоя тұрайықшы… Анығын айтсам, өзіңізбен тағы жүздесіп, екі ауыз сөз айтуға мен де құштармын. Тек, оп-оңай кездесу белгілеп тұрғаным үшін мені кінәламассыз… Мен тіпті келісім де бермес ем, егер… Бірақ, бұл менің құпиям боп қала тұрсын! Күні бұрын кесім айту… –Кесім! Айтыңыз, айтыңыз, бәрін де алдын ала айтыңыз, мен бәріне ықтиярмын, бәріне де дайынмын, –деп өзімді-өзім ұстай алмай айғайлап жібердім, – өз сөзімнің салмағын түсінемін ғой. Сіздің дегеніңізді екі етпей, құрмет тұтайын… Сіз мені білесіз… –Сол білгендіктен ғана сізді ертеңге шақырып тұрмын ғой,– деп қыз сыңғырлап күліп алды. – Мен сізді егжей-тегжейлі білемін. Бірақ, есіңізде болсын, бір ғана шартпен келіңіз; біріншіден (тек менің өтінішімді орындайтын болыңыз, – көрдіңіз бе, бәрін жасырмай ашық айтып тұрмын) маған ғашық бола көрмеңіз… Ақ шыным, бұлай етуге болмайды. Достыққа мен дайынмын, міне, сізге қолымды ұсынамын… Ал, ғашық боп жүрмеңіз, өтінемін сізден! –Алдыңызда ант етемін! –деп айғайлап жіберіп, оның қолынан ұстай алдым. –Жарайды, ант-су ішпей-ақ қойыңыз, сіздің мылтықтың дәрісіндей бұрқ ете қалатыныңызды білемін ғой. Бұл сөзімді көңіліңізге ауыр алып қалмаңыз. Егер сіз білсеңіз-ау… Менің де ешкімім жоқ, кіммен сөйлесерсің, кімнен ақыл-кеңес сұрарсың. Әрине, кеңесшіні көшеден іздей алмайсың, ал сіз болсаңыз, басқаша. Сізді жете білетіндігім сондай, сізбен бейнебір жиырма жылдан бері достасып келе жатқандаймын… Рас па, сіз менен айнып кетпейсіз бе? –Оған көзіңіз жетер… мен тек бір тәулікті қалай өткізерімді білмей тұрмын. –Қаттырақ ұйықтаңыз: қайырлы түн, – және менің сізге құлай сеніп қалғаным есіңізде болсын. Әлгінде сіз: әрбір сезімге, тіпті, әрбір шынайы жанашыр ниетке де есеп беріп жатудың қажеті қанша!– деп сондай тамаша айттыңыз. Білесіз бе, оның тауып айтылғаны соншалық, сол сәтте-ақ сізге сенім артуға болар деген ой менде жылт ете қалды… –Құдай үшін, айтыңызшы, неге, не үшін сенім артпақсыз? –Көріскенше күн жақсы. Әзірге бұл құпия боп қала берсін. Сізге де жаман болмас; тым құрыса алыстағы жұлдыздай сәуле шашып тұрар. Бәлкім, күні ертең өзіңізге бәрін айтармын, бәлкім, сол бойы тіс жармаспын… Алдымыздан шығып келгендей сөйлейін –біз бұдан да жақын танысамыз әлі… –О, мен сізге өзім жайлы күні ертең бәрін де ақтарамын! Не боп барады бұл? Өңім түгіл түсіме де кірмейтін неткен ғажап оқиға… құдай-ау, мен қайда тұрмын, қайда жүрмін? Айтыңызшы, өзге қыздар секілді мені о баста өзіңізден қуып жібермегеніңізге, ашуланбағаныңызға шынымен налып келесіз бе? Бар-жоғы екі-ақ минут, сол екі минут, сол екі минуттың ішінде сіз мені мәңгілік бақытқа бөледіңіз. Иә! Мәңгілік бақытқа! Кім біледі, сіз мені өз-өзіммен тіл табыстырып, көкейдегі күдігімді сейілткен шығарсыз… Әлде, менің күткен минуттарым да келіп қалған
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41