АЙБАРША. Мұныңыз не?.. Бұл орамал – анамнан қалған көз ғой. Мұны ол сізге қосылған кезде басына салып келген.
ХАН. Демек, мұның өлетін кезі жеткен… Әр нәрсе өзінің басынан асқан күнә жасаған күні өлмек.
АЙБАРША (қалтырап). Күнәлі болсам мен жазалануым керек, орамалдың жазығы не?
ХАН. Бұл орамалға қараның қолы тиді. Жазығы сол.
АЙБАРША. Қара деп тұрғаныңыз… (оларға жасқана қарап) ел қорғаны Қазығұрт па?
ХАН. Ол қанша батыр болғанымен тегі қара. Тектен асып ештеңе тумайды. Гүлден шеңгел, шеңгелден емен шықпақ емес. (әлде не деп сөйлегелі келе жатқан қызын тоқтатып) Есіңде болсын, екінші рет мұндай хабар естісем сол хабарды естігені үшін өз құлағымды өзім кесем, не болмаса… мына орамалдың кебін киесің. (күлімсіреп) Енді бара ғой, қызым…
АЙБАРША (шығып бара жатып, Нөкерге). Есіңізде болсын, Нөкер тақсыр, аңшы адам қырғауылды ауыл маңынан емес, аулақтан іздер болар. Біреу-міреуді жаралап алып жүрсеңіз басыңызғаға оңай тимес…
НӨКЕР. Есімде болады, ханшайым! (иіліп тағзым етеді). Айбарша кетеді.
ХАН. Қыз бала – ру мен ел намысы. Қайдағы бір соқыр сезімнің шылауында кетіп, ол абайсызда сол намысты жерге түсіріп алуы мүмкін. Өзге біреу намысты аяққа баспау үшін не істеу керек? білмейсің, ә! (күліп) Жерге түсірмеу керек. Яғни, алдын алған жөн. Демек…
НӨКЕР. Қазығұртты!..
ХАН. Иә, Қазығұртты таудағы тас қамалға апарып жайғастырған жөн. Демалсын. Бойы суысын. Неге тұрсың, түсінбедің бе? Жөнел!
НӨКЕР. Хан ием, сіздің осылай дейтініңізді күнілгері сезіп, әміріңізді күні бұрын орындап қойғанбыз. Қазығұрт қазір тас қамалда отыр. Хан нөкеріне үрейлене қарайды. Сонан соң оның иығынан қағады. Қарқылдай күледі. Оның күлкісін айғай-шу бөліп жібереді. Сырттан. «Жау шапты!», «Ел шетіне жау тиді!» деген айғай естіледі.
* * *
Тау шатқалында аяқ-қолы байлаулы тұрған Қазығұртқа Нөкер келеді.
НӨКЕР (иіліп тағзым етеді). Батыр-еке, жақпар тастың арасында жалғызсырап жатыр-ау деп арнайы іздеп келдім.
ҚАЗЫҒҰРТ. Аярланбай турасын айт, неге келдің?
НӨКЕР. Батырды неге іздеуші еді, ел шетіне жау тиді. Қалың елің мен іні-қарындастарың сені іздеп жатыр.
ҚАЗЫҒҰРТ. Мені неге байладыңдар? Іні-қарындастарым қайда?
НӨКЕР. Қалың қазақтың ішінен қанша қыз алам десең де қалауың білсін, бірақ ханшайымға көз тігуді қой. Ол – хан тұқымы, сен екеуіміз бар болғаны соларға қызмет ету үшін жаралған қарамыз.
ҚАЗЫҒҰРТ. Айбарша не күйде?
НӨКЕР. Бәрі де жақсы, іні-қарындастарың там салып жатыр, Айбарша сырқат.
ҚАЗЫҒҰРТ. Сырқат? Неге? НӨКЕР. Оны уайым қылмай-ақ қой. Отыз ұлдың ішінде ерке өскен Хан қызы емес пе, топ шеңгелдің түбінде желкем тиіп қалса керек, тамаққа тәбеті болмай, аздап шімкәстанып жатыр.
ҚАЗЫҒҰРТ. Елді құртатын Хан емес, мына сен сияқты оның төңірегіндегі жылпостар. Босат қолымды!
НӨКЕР. Қазір, қазір батыр-екесі, мен де сол үшін келген жоқпын ба? (қолын шешеді).
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31