Ту-у, бұл жендеттер шаш ал десең бас алады. Қолын байлағанда қатты қыспаңдар деп едім, тыңдамапты ғой. Қыл шылбыр білегіңді қиып түсе жаздапты-ау. Әй-әй, әй!.. Қазығұрт байлаудан босанып, бойын жазады. – Керіліп көп тұруға мұрша жоқ, батыр-еке, жау жағадан алып жатыр, атқа қоналық.
ҚАЗЫҒҰРТ. Ханға өкпелеп халқымды қалай қимақпын. Әкел сауыт-сайманды.
НӨКЕР. Әп, бәрекелді! Ел қамын жеген қас батыр осылай сөйлесе керек. Міне, кие ғой. Қазығұрт сауыт-сайманын киеді. Нөкер оған бәйек боп көмектесіп жатады.
ҚАЗЫҒҰРТ. Ат бар ма?
НӨКЕР. О, о не дегенің, батыр-екесі, сіз үшін бәрі де дайын. Есік алдында өзіңіздің қара қасқа атыңыз тұр. Әні, өзі де кісінеді, әсте, иесінің иісін сезсе керек. Ат тағы кісінейді. – Әлде жаудың иісін сезді ме?
ҚАЗЫҒҰРТ. Шайқас ауыр болады екен. Бір құдайым жар болсын! (қылышын тәу етеді) Ал, аттанайық! Майдан көрініс. Сауыт киген Қазығұрт шайқас үстінде. Кейіпкерлерден сол ғана әскери киім киген, қалғандары өзіміз көрген бүгінгі киім үлгісінде. Шайқас үстінде ханның ұлдары қолға түседі. Бастарын сауғалап жасырынып қалған кезде жау сарбаздары оларды байлап әкетеді.
ДАУЫС. Жеті күн, жеті түнге созылған бұл қанды шайқас Қазығұрттың жеңісімен аяқталады. Қазығұрт сарбаздарымен қамауда жатқан хан ұлдарын босатады.
ҚАЗЫҒҰРТ. Жарайсыңдар, жігіттер! Шейіт болғандардың әруағына деп дұға қылайық. Бәрі қолдарын жайып, дұға оқиды. – Басына күн туғанда ғана ел ерін еске алады. Жеңісті елге міндет ету – қорқақтардың үлесі. Ал, енді елге аттанып, жаудың жеңілгенін хабарлаңдар!
ҚАЗЫҒҰРТ. Тағы да қан төгіс. Менің өмірімде бұл несінші қан төгіс екен? Бес? Он? Жиырма? Білмеймін. Ал, сен білесің бе? (кеудесіне жебе қадалған жаралы сарбаздан сұрайды). Әрине, білмейсің. Сен неге өлгеніңді де білмей кеттің. Артыңда аңырап анаң қалды, шулап балаң қалды, жесір боп жарың қалды, өзің енді қарға-құзғынға жем болмақсың. Сен сол үшін туып па ең, ата-анаң сені айдалада көмусіз қалсын деп өсіріп пе еді! Мағынасыз тіршілік!.. Жау іздеген адамның жұмыр басы ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір кезде допша домалап жат жерде қалмақ. Мәңгілік жеңбек жоқ. Сен ғой, мені өлтіргелі келдің, сөйтіп, мына жерді иемденбек болдың. Мұны қайтпек едің? Өз жерің аздық етті ме? Міне, енді кеп бейшара күй кешіп жатырсың. Менің сенде кегім жоқ, батыр, кеш, мен атсам жауды аттым, ал, жебенің жолындағы жау сен боп шықтың. Түптеп келгенде қанымыз бір елміз ғой, сен соны да түсінбей мерт болдың, ал, өзіңше «Жау қолынан шәйіт» болдым деп риза кейіппен жатырсың. Ертең дәл сен сияқты мен де жер құшып жатармын, дүние кезек қой. Жауды сырттан емес іштен іздеп, болмашыға таласып,
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31