болсам»… деп көк-і-п отыр. Көрдіңіз бе, жұрт қалай-қалай бетімен кетіп барады? Баяғыда болса ғой жүрген дыбысыңыз естілмейтін нағыз мысық табанның өзі болар едіңіз!
КАРИМОВ (ызамен, тістеніп, салмақтай сөйлеп). Аса құрметті тақсыр! Мен сіз сияқты белсенділер шырқап салып жүрген «Сталин қайда болса, жеңіс сонда» деген сөзге қарсы шығып, он екі жыл Колымада отырып келген адаммын. Сондай өрескелдіктер тағы да қайталанса тайсалмай бас көтеретіндер тағы да біздер боламыз!
САРСЕНОВА (сасқалақтап). Сіздер басқа әңгімеге ауысып кеттіңіздер ғой. Сабыр етіңіздерші.
АЙБАСОВ. Әңгіменің қысқасы — менің рұқсатымсыз бір де бір адамға үздік деген баға қойылмауы керек. Мен мұны қашанғы қайталай бермекпін!
КАРИМОВ. Егер абитуриент үздік біліп тұрса ше?
АЙБАСОВ. Бәрібір! Сіздің қарапайым арифметиканы ұқпай тұрғаныңызға таңым бар. Міне, мына қағазда (тартпасынан бір парақ қағазды алып) актерлік факультетке 25 адам қабылдануы керек деген бұйрық бар. Ал, мына қағазда (екінші тартпадан басқа қағазды алып) 29 адамның тізімі бар. Бұлар қабылдау емтиханына дейін қабылданып қойған студенттер тізімі. Мұндағы басы артық төрт адамды қайда тығарымызды білмей дал боп отырсам, сіз кеп қайдағы біреуге өз бетіңізше «бес» қоясыз. Оның үстіне документі қабылданбаған! Ал, енді оны қайда жібересіз? Немене, кооперативті факультет ашпақсыз ба?
КАРИМОВ. Шын талантты көргенде шыдай алмайды екенсің!
АЙБАСОВ. Талант, талант! Немене ол талант деген! Бүгін болмаса ит боп ертең өзі-ақ келмей ме?
САРСЕНОВА. (қайталап). Және ол қыз емтиханға заңсыз кіріп отыр. Және кешігіп келді.
АЙБАСОВ. Әне, көрдіңіз бе? Біріншіден, сіз қабылдау емтихандарының ережесін өрескел бұзғансыз, екіншіден, «бес» алатын оқушыдан құтылудың құдай иіп тұрған оңай жолынан айрылып қалғансыз. Ал, жоғары жақтан онсыз да төртеуі артық боп келген (қағазды жоғары көтеріп) мына жиырма тоғызды не істейміз?
САРСЕНОВА. Бұрын өзіңіз проректор боп істеген зооветеринарлық институтқа өткізе салмайсыз ба?
АЙБАСОВ (маңызданып). Мен айтсам, әрине, алатын шығар-ау, бірақ, былтыр да алтауын жіберіп ек. Жыл сайын ыңғайсыз болмаса.
САРСЕНОВА. Несі бар, қарыздар боп қалмаспыз. Оларға симай жатқан бес-алты абитуриентті басқа факультетке біз алармыз. Сөйтіп, ауыс-түйіс боп жатады ғой.
КАРИМОВ (шыдай алмай). Зооветинституттының абитуриентін бе?
САРСЕНОВА. Несі бар? Сіз өйтіп айғайламаңыз!..
КАРИМОВ. Сіздер осыны шынымен айтып тұрсыздар ма?
АЙБАСОВ. Біз ерігіп отырған жоқпыз, абитуриенттердің қамын ойлап отырмыз? (Айбасов сигарет алады. Сарсенова стол үстінде жатқан пистолет-зажигалканы жағып, ол темекі тұтатады). Рахмет!
КАРИМОВ. Ал, актердың қамын кім ойлайды?
АЙБАСОВ. Біз!
САРСЕНОВ (қосарланып). Біз!
КАРИМОВ. Зоотехниктен актер, актердан зоотехник шығару үшін қиналмай-ақ қоюға болмас па еді?
АЙБАСОВ. Сіздің ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргіңіз келеді, ә! Қиындықсыз жеңіс жоқ, жолдас профессор!
КАРИМОВ. Ах, солай ма? Мен мұны бірінші рет естіп отырмын! Солай екен-ау, ә!
САРСЕНОВА (оған күле қарап). Солай, солай Сапар Каримович!
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31