(Айбасовқа күле қарайды да, Каримовке жақындап, жағасын түзейді). Бұл кісінің кейбір мінездері бала сияқты, екіні екіге қосқанда төрт болады десең кәдімгідей таңқалатыны бар.
АЙБАСОВ (күліп). Япыр-ай, ә! Он екі жыл жүрген Колыманың әсері болмай қойсын ба…
КАРИМОВ (өзін-өзі ұстай алмай). Иә-иә, әсері болмай қоймайды! Қоймайды!.. Бірақ, бірақ ол жаққа барғандар ақылсыздығынан барған жоқ! Қайта… қайта ақылдың азабынан жүргендер көп. Ол жақта ақылды да, данышпан да, ұлы инженер мен ұлы ақын да, қолбасшы мен қарапайым адал адамдар да болды. Бәрі болды, тек жағымпаздар мен жылпостар ғана болған жоқ. Олар адал адамдардың тұқымын бұзып елде қалған. Қазір солар көбейіп кетті. Олармен күресетін дәрмен жоқ. Адалдық деген бейшара неге әлсіз боп жаралды екен? Арсыздықпен күресте ылғи жеңілумен келеді.
АЙБАСОВ. Профессор жолдас! Сіз қоғамға жала жапқалы тұрсыз. Он екі жылғы Колыма сіздің санаңыздағы саяси арқауды ширата алмапты. Сіз өткен өмірден сабақ ала алмапсыз.
КАРИМОВ. Жо-оқ, мен ол жақтан үлкен сабақ алдым. «Ендігі заман — ақылдының емес, алаяқтардың заманы» деген Мопассан айтқан ұлы сөздің ақиқаттығына көзім жетіп келді.
АЙБАСОВ (аярлана күліп). Олар кімдер? А? Ол қандай алаяқтар қаптап кеткен? Мен бе? (Сарсенованың көзін шұқи жаздап). Мынау ма?
САРСЕНОВА. Сіз…
АЙБАСОВ (оның қарсылығына елең етпей). Әлде біздің министр ме? Әлде обкомның бірінші хатшысы ма? Әлде… Бәлкім атап айтарсыз?
КАРИМОВ. Кезі келгенде атармыз. Айтатын жер бұл емес.
АЙБАСОВ (оған жақындап, бетіне үңіле қарап ұзақ тұрады да қайта орнына барады). Сіз тым алысқа кетіп қапсыз, жолдас Каримов. Ал, алысқа кеткендерді тәрбиелеу қиын. Оларды… Ол пистолет-зажигалканы алып, Каримовке оқталады. — Бах! Бах! (пистолетті қайта қойып күледі). Бұрын кабинеттерде атып тастай берген көрінеді.
КАРИМОВ (оған тесіле қарап тұрып). Мен тағы жаңалық аштым. Кешегі қанышерлердің бәрі алғашқы қадамын қиянаттан бастаған екен.
САРСЕНОВА (үрейленіп). Сіздер тым алысқа кетіп қалдыңыздар. (есікке қарап). Байқасаңыздаршы! Жаппай демократияның кезінде де абайлап сөйлеу керек! (телефон аппаратына кеп, трубканы алып тыңдап көреді). Не деп болады!..
АЙБАСОВ. Тәртіп барлық кезде керек! Демократия ғана емес, анархияның да өз тәртібі бар. Тіпті, алғаш тіршілік иесі пайда болғанға дейін де жер үстінде белгілі бір тәртіп болған!
КАРИМОВ. Ол сіз көксеп тұрған тәртіп емес.
САРСЕНОВА. Құдай-ау, жетеді ғой енді! Қайдағы бір абитуриентке бола түкке тұрмайтын жерден біраз бет жыртыстыңыздар! Құрысыншы, бір қыз оқымаса құрып қалсын! Қазақ өнері содан қараң қалар дейсіз бе? Неткен қырсық қыз еді соншама!
КАРИМОВ. Ол қыз оқуға түспейтін болса мен институттан кетуге арыз беремін. Ондай қыздың документі кеш болса да қабылдануға тиіс!
АЙБАСОВ. «Профессор Каримов институттан кеткелі жатыр екен деген сөз ЦК-ға жетсе сендерге де оңай
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31