тимес» деген есебіңіз ғой. Институт бір профессорға қарап қалған жоқ. «Не заменимых нет!»
КАРИМОВ. Бар! Орны толмайтындар бар! Болғанда қандай! Ат тұяғын ылғи да тай баса бермейді. Бір адамның кей кезде бүтін бір елге татитынын тоғышарлар ғана мойындағысы келмеген. Россия екінші қайтып Толстой мен Пушкинді тудыра алмайды, тудырғанмен олар басқалар боп туады. Қазақта да Абай мен Махамбет енді қайтып дүниеге келмейді.
АЙБАСОВ. Бәрібір, бір адамның тауып айтқан сөзі мен ашу-ызасына бола бүтін бір организмді қайта құрудың керегі жоқ.
КАРИМОВ. Организм деп тұрғаныңыз әлгі қағаз ба?
АЙБАСОВ. Бәлкім.
КАРИМОВ. Сол организммен мені неге таныстырмағансыз ?
АЙБАСОВ. Ол – құпия.
КАРИМОВ. Егер сол құпияны менен жасырмасаңыз әңгіме басқаша болуы мүмкін еді ғой. Айбасов пен Сарсенова бір-біріне қарайды.
АЙБАСОВ. Мұнымен не айтқыңыз кеп тұр?
КАРИМОВ. Сол құпияны бір шолып өтсем деп едім. Бәлкім, мен де ақыл қосып қалармын.
АЙБАСОВ (ойланып, Каримовке сынай қарайды. Сонан соң тартпадағы қағазды алып оған ұсынады). Аса құпия, бір қарап шығыңыз да қайтып беріңіз.
КАРИМОВ. Басқа данасы жоқ па? (қағазды қолына алады).
АЙБАСОВ. Мұндай қағаз екі дана болмайды. Біреу-ақ!
КАРИМОВ. Қиянаттың да бір осал жері болатынына шүкір! Ол қағазды қақ айырады. Айбасов пен Сарсенова жанұшырып оған тұра ұмтылып еді, бірақ олар жетемін дегенше Каримов тізімді қиқалап жыртып, ашық терезеден шашып жібереді. — Қараңыздаршы, қағаз қиындыларының жерге салтанатпен қонып жатқаны қандай ғажап! Жаздың күні жауған ақша қар секілді. Ректор жолдас, сізде тағы бір құпия тізім жоқ па? Жай қағаздан гөрі жасырын қағаз жақсы ұшады ғой деймін. Айбасов басын ұстап сылқ етіп отыра кетеді. Сарсенова енді не болар екен дегендей, үрейден екі көзі шарасынан шығып, қалшиып қатып қалған. Каримов оларға күлімсірей қарап тұр. Айбасов басын көтереді. Енді ол бұрынғыдай емес, арыны басылған, жуасыған.
АЙБАСОВ. Қайда әлгі?
САРСЕНОВА (жүгіріп кеп). Кімді айтасыз?
АЙБАСОВ. Қайда деймін?
САРСЕНОВА (Каримовке қарап, дені сау ма дегендей). Бұ кісіге не болған?
КАРИМОВ. Жыртылып кеткен жиырма тоғыз адамның тізімі әсер етпей қойсын ба!..
АЙБАСОВ. Немене, мені жынданып кетті деп отырсыңдар ма? Тапқан екенсіңдер не боса соған жындана салатын адамды!
САРСЕНОВА. Енді кімді іздеп отырсыз?
АЙБАСОВ. Әлгі «ұлы» актрисаны айтам! Тез арада тауып, осында жеткізіңдер. Өзім тексеремін! (Каримовке). Ал, ол қыз сіз айтқандай болмай шықса бар ғой, өкпелемеңіз, институтта тектен тек ашу-араздық тудырғаныңыз үшін, арызыңызды күтпей-ақ қызметтен босатамын!
КАРИМОВ (қуанып). Оған мен әзірмін! Қашан әкелейін?
АЙБАСОВ. Таңертең осында болсын!
КАРИМОВ. Жарайды. Құп болады!
САРСЕНОВА (Каримовке). Енді екі кештің арасында оны қайдан таппақсыз?
КАРИМОВ. Тапқысы келген адам қайдан болса да табады. Ол ентелей басып шығып кетеді.
АЙБАСОВ. Үлкен басымен ебелектей елпілдеп тұрғанына қарағанда осы шал тегін емес.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31